Субсидияға арналған ақшаны жымқырғандар сотталды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Миллиондаған теңге көлеміндегі субсидияларды жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бейімбет Майлин ауданында тексеріс нәтижесінде мал азығы құнын арзандатуға және селекциялық жұмыстарды жүргізуге бағытталған субсидияларды жымқыру фактілері анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Қылмыстық іс Қостанай облысы прокуратурасының бақылауымен тергеліп, нәтижесінде үш тұлғаның қылмыстық әрекеттері дәлелденіп, іс сотқа жолданды.

Сотталушылардың өз кінәсін толық мойындауына байланысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды. 4 қыркүйекте Бейімбет Майлин аудандық сотының үкімімен сотталушылар әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылып, сот залында қамауға алынды.

Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген материалдық залалды өтеу мақсатында сотталушылардан 96 миллион теңгеден астам сома ортақ тәртіппен өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.