Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады. Биылғы жиын «Бейбітшілік, даму және адам құқықтары үшін 80 жыл және одан әрі» ұранымен өтіп жатыр.
ТОЛЫҒЫРАҚ
БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінде сөз алған Франция Президенті Эммануэль Макрон Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады. Ол бұл қадамның «бейбітшілік мүддесі үшін» жасалғанын атап өтті.
Макрон Газадағы соғысты тоқтатуға және ХАМАС әлі ұстап отырған 48 тұтқынды босатуға шақырды. Сондай-ақ ол 7 қазанда Израильге жасалған шабуылды айыптап, өңірде екі мемлекет қағидасына негізделген бейбітшіліктің орнауын қалайтынын айтты.
Франция Президенті Газада Палестина әкімшілігі қатысатын өтпелі басқару құрылымын құруды ұсынып, оған ХАМАС-ты тарату міндеті жүктелуі керектігін жеткізді. Ол сонымен бірге Францияның аймақтағы «тұрақтандыру миссиясына» үлес қосуға дайын екенін, бұл халықаралық қауіпсіздік күштерінің қатысу ықтималдығын арттыратынын айтты.
— Тұтқындарды босатып, соғысты да, азапты да тоқтататын уақыт келді. Біз бейбітшілікті енді қайтып орната алмайтындай сәтке жақындап қалдық. Дәл осы себепті біз осында жиналдық, — деді Эммануэль Макрон.
Макронның айтуынша, Франция Палестинадағы елшілігін барлық тұтқындар босатылып, атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғаннан кейін ғана ашады.
Сонымен қатар, алдағы күндері басқа да мемлекеттердің Палестинаны мойындауы болжануда.
СОҢҒЫ 2 КҮНДЕТ БІРҚАТАР МЕМЛЕКЕТ ПАЛЕСТИНАНЫ МОЙЫНДАДЫ
21 қыркүйекте Ұлыбритания, Австралия және Канада Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады. Бұл туралы үш елдің премьер-министрлері Кир Стармер, Энтони Альбанезе және Марк Карни арнайы мәлімдеме жасады.
Австралия үкіметінің басшысы бұл шешімді «екі мемлекет қағидатына негізделген бейбітшілікті қайта жандандыруға бағытталған халықаралық үйлестірілген күш-жігердің бір бөлігі» деп атады.
Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер әлеуметтік желідегі жазбасында:
-Бүгін палестиналықтар мен израильдіктер үшін бейбітшілікке деген үмітті қайта тірілту және екі мемлекет негізіндегі шешімді жүзеге асыру үшін Ұлыбритания ресми түрде Палестина мемлекетін мойындайды, — деді.
Сондай-ақ ол бейнеүндеуінде бұл қадам қауіпсіз Израиль мен өміршең Палестина мемлекетінің қатар өмір сүруіне бағытталғанын атап өтті. “Қазіргі сәтте бізде екеуі де жоқ” — деп түйіндеді Стармер.
КОНТЕКСТ
БҰҰ дерегінше, ұйымға 193 мүше елдің 150-і Палестина мемлекетін ресми түрде мойындаған. Осылайша, Палестина әлем мемлекеттерінің басым бөлігі тарапынан танылып, Араб мемлекеттері лигасының құрамына енген. Дегенмен, оны Еуроодаққа мүше елдердің көбі, Жапония және тағы бірнеше мемлекет әлі мойындамады.