Мусин "Қазақтелекомды" өзгертуге қауқарсыз екенін мойындады

Динара Жарқынбек
Ulysmedia.kz коллажы

Жасанды интеллектке негізделген терапевт қазірдің өзінде 30-дан астам емханада сынақтан өтуде. «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусиннің айтуынша, жоба алдағы уақытта барлық медициналық ұйымдарға енгізілмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жоба сынақтан өтіп жатыр және стартаптармен бірлесіп жүзеге асырылуда.

- Стартап-индустриясымен серіктестік бізге тек байланыс құбыры болудан шығып, клиентке нақты пайда әкелетін қосымша сервистерді дамытуға жол ашады. Мұндай жобалар Activation HUB ашылғаннан бері іске асырылып келеді. Ол 2024 жылдың сәуірінде ашылған еді, содан бері бізге 200-ден астам өтінім түсті, – деді ол Digital Bridge форумында.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» фельдшерлерге арналған бейнежетон дайындауда. Бұл құрылғы медицина қызметкерлерінің жұмысын тіркеп, олардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

- Жедел жәрдем келген кезде кейде оларға дөрекілік танытып, айғайлап, тіпті қол көтеретін жағдайлар да кездеседі. Бұл проблеманы біз стартаптармен бірлесіп шешуді көздеп отырмыз. Ал бейнеаналитикалық жүйені ішкі деңгейде дамытуды жоспарламаймыз, – деді ол.

Алайда, ЖИ терапевтке баса назар аударып, қарқынды енгізу көзделіп отқанда медицинадағы шешілмеген өзекті мәселелер жетіп артылады. Мәселен, дәрігерлер тапшылығы, ауылдардағы ауруханалардың жағдайы, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі – әлі күнге күн тәртібінде тұр. 

Сондай-ақ, форумда Бағдат Мусин ұлттық байланыс операторын қайта құрудың қиындығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет үшін мүлде жаңа 10 сервис ашу «Қазақтелекомды» түбегейлі өзгерткеннен әлдеқайда оңай.

КОНТЕКСТ

Астанада кешелі бері технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы Орталық Еуразиядағы ең ірі шара – Digital Bridge 2025 форумы өтіп жатыр. Биыл форум жаңа форматта өтіп, тарихындағы ең ірісі ретінде бағаланды. Форумның басты тақырыбы – Generative Nation. Ол жасанды интеллектке негізделген білім қоғамын қалыптастыру мен адами капиталды дамытуға бағытталған.