Ұлттық статистика бюросы 2024 жыл бойынша елдегі ең жоғары жалақы алатын кәсіптердің рейтингін жариялады. Алдыңғы 30-дыққа негізінен техникалық мамандар кірген, ал басшылар аз болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Аналитиктердің дерегінше, тізімнің көшін электр машиналары мен құралдарын сынаушы маман бастаған — оның айлық жалақысы 15,5 млн теңгеге жеткен. Екінші орында — инженер-психолог (15,3 млн теңге), ол жүйелер мен интерфейстерді адам факторы ескеріліп жобалауға көмектеседі. Энергоменеджер-инженер шамамен 14 млн теңге табыс таба алады.
Ең жоғары жалақы алатын мамандықтардың ішінде «көк жағалылардың» үлесі басшылардан көп болып шықты. Мысалы, техникалық сапаны бақылаушылардың табысы 6,7 млн теңгеге дейін жетсе, құрылыс инженерлері шамамен 5,6 млн теңге алған. Рейтингтің соңғы жағында бөлімшелер мен нысандар басшылары орналасқан — олардың табысы 4,7–5,6 млн теңге. Бірақ мұндай жалақылар әлі де сирек кездесетін жағдай. Бос жұмыс орнын іздеуге арналған сайттарда ұсынылатын ең жоғарғы жалақы 3–3,5 млн теңгеден аспайды, ол да сатылым жоспарын орындау немесе келісімшарттарға қол қою шартымен беріледі. Сарапшылардың пікірінше, 10 млн теңгеден жоғары жалақы алатын мамандарды ашық түрде іздемейді, оларды нарық ішінде тартып алады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда айлығы 1,5 млн теңгеден жоғары 42,1 мың адам болған. Олардың ішінде әйелдердің үлесі небәрі 24,4 пайыз. Ең жоғары жалақы алатындардың ең үлкен үлесі мұнай өндіру және өнеркәсіп саласында (35%) тіркелген. Екінші орында — қаржы және сақтандыру саласы (4,9 мың адам), үшінші орында — әкімшілік қызметтер (3,3 мың адам). Мемлекеттік секторда жоғары жалақы сирек кездеседі: бар-жоғы 1,5 пайыз (шамамен 600 адам).
САЛЫСТЫРУ
Салыстыру үшін: 2024 жылы премьер-министрдің айлық жалақысы 2,5 млн теңге болды. Бұл электромашиналарды сынаушының табысынан алты есе аз. Министрлер шамамен 1,5 млн теңге, ал мәжіліс депутаттары 1,3 млн теңге алған, деп жазады Finprom.