«Экономикамыз ауыр жағдайда»: сарапшы дабыл қақты

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Белгілі экономист Айдархан Құсайынов квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сату талабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сарапшының айтуынша, бұл шара алғаш рет 2020 жылы тек «төтенше жағдай кезеңінде» уақытша енгізілген болатын. Алайда кейіннен бұл норма іс жүзінде 69 айдың 51 айында қолданыста болған.

«ТӨТЕНШЕ» ШАРАЛАР ҚАЛАЙ «ЖАҢА НОРМАҒА» АЙНАЛДЫ

Экономист дерегінше, бұл талап күшінде болмаған уақытта ұлттық валюта шамамен 20%-ға әлсіреген. Ал 2024 жылы теңге бағамын тұрақтандыру үшін 1 миллиард доллар көлемінде интервенция жасауға тура келген.

Айдархан Құсайыновтың пікірінше, мұндай жағдайлар экономиканың «денсаулығының» нашарлағанын көрсетеді.

«БІЗ ТӨТЕНШЕ ШАРАЛАРҒА ҮЙРЕНІП КЕТТІК»

«Дені сау, теңгерімді экономикада ұлттық валюта нарықтық және тұрақты болуы тиіс. Егер оны тұрақтандыру үшін төтенше шаралар қажет болса, бұл — жүйелік дағдарыстың белгісі.
Мен бұрыннан айтып келемін: еліміз 2020 жылдан бері дағдарыс жағдайында. Тек біз оны пандемия мен геосаяси факторлардың артына жасырып, түрлі амалмен бүркемелеп келеміз.
Төтенше шаралар уақытша шешім болуға тиіс еді, бірақ оларды жаңа қалыпты жағдайға айналдырып жібердік», — деп жазды экономист.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қазақстан ұлттық банкі қаржы нарығы қатысушылары арасында сауалнама жүргізіп, негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша болжамдарын жинады. Қаржы секторының өкілдері 2027 жылға дейінгі болжамдарымен бөліскен. 

 

Сауалнама қорытындысына сәйкес, 2026 жылы доллардың теңгеге орташа жылдық бағамы – 552 теңге, 2027 жылы – 568 теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Brent маркалы мұнайдың бағасы 2025 жылы барреліне $69, 2026 жылы — $65,6 және 2027 жылы — $64,7 болады деп болжанған.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ЖӘНЕ ИНФЛЯЦИЯ

Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылы 5,6 пайыз деңгейінде болжанса, 2026–2027 жылдары ол 4,8 пайызға дейін баяулайды. Инфляция 2025 жылы 12 пайыз, 2026 жылы 10 пайыз, ал 2027 жылы 7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.