Тәжікстан билігі Путинді неге тұтқындамады?

Ulysmedia
Фото: mnews.world

Ресей президенті Владимир Путин сәрсенбі күні Душанбеге барды. Ол 2022 жылдың маусымынан бастап алғаш рет Тәжікстанға барып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Тәжікстан – қылмыстық істер жөніндегі халықаралық сотқа мүше, сәйкесінше халықаралық қылмыстық соттың Ресей президентін тұтқындау туралы ордерін орындауға тиіс.

Бұған дейін Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Тәжікстанды Путинді елге кіргізбеуге немесе оны елге келгеннен кейін тұтқындауға үндеген. ЕҚЫҰ, ЕО-ны Душанбе халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттемесін орындауы үшін оған қысым жасауға шақырған.

Human Rights Watch ұйымының халықаралық сот жөніндегі директоры Лиз Эвенсон:

«Путин халықаралық қылмыстық сотқа мүше елдердегі халықаралық саммитке емес – Гаага соты алдында жауап беруі керек», – деді.

Халықаралық қылмыстық істер соты 2023 жылы Путинге іздеу жариялаған. Ресей президентіне Украинада әскери қылмыс жасады деген айып тағылды. Мәскеу айыпты жоққа шығарып, халықаралық соттың құзыретін мойындамайтынын айтқан.

Ресми Душанбе мұндай үндеулерге реакция білдірген жоқ. Сәрсенбі күні Путинді ұшақтан Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон күтіп алды. Душанбенің көшелері Ресей президенті келген күні мемлекеттік тудың түсіне боялды. Үйлерге Путин мен Рахмонның суреті бар экрандар ілінді.

Путин Душанбеде «Орталық Азия – Ресей» саммитіне және ТМД елдері басшыларының кеңесіне қатысады.