ЕТЖ 99 мың теңге: халықтың күнкөрісі мен биліктің есебі екі бөлек әлем

Динара Жарқынбек
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда азаматтық мемлекеттік қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 2026 жылдан бастап 99 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Сенат кулуарында айтты. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Вице-министрдің есебінше, медианды жалақы мен еңбек өнімділігі жыл сайын артып келеді. Сондықтан ең төменгі жалақыны 85 мыңнан жоғары көтеруге мүмкіндік бар
Алайда биыл бұл мәселе бюджетте қаралмаған. 

-2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында азаматтық қызметкерлердің ЕТЖ-сын 99 мың теңге деп енгіздік Әдістеме бар, конвенция ратификацияланды Менің ойымша, ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы тиіс, — деді Ертаев

АЗАМАТТЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР КІМДЕР?

Азаматтық қызметкерлерге мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін тұлғалар жатады. Олардың басым бөлігі — мұғалімдер, дәрігерлер, зертхана мен архив мамандары, әлеуметтік қорғау және мәдениет қызметкерлері. Яғни, қоғамның тірегі саналатын мамандар.

Ресми болжамдағы 99 мың теңгелік ең төменгі жалақы — қазіргі баға мен инфляцияның деңгейін ескерсек, өмір сүруге жетпейтін сома екені анық. Еңбек министрлігі «еңбек өнімділігі өсіп жатыр» десе, базарда азық-түлік құны мен жалдамалы пәтер бағасы одан да жылдам өсіп келеді.

СТАТИСТИКАДА БӘРІ БАЙ: МЕДИАНДЫҚ ЖАЛАҚЫ ҚАНДАЙ?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде медиандық жалақы 317 512 теңгеге жеткен. Бұл бір жыл ішінде 11,1 пайызға артқан көрсеткіш. 

Зерттеу 3,34 миллион қызметкердің табысы негізінде жасалған. Оның ішінде ірі кәсіпорындар және орта және шағын ұйымдардың шамамен 30 пайызы қамтылған. Қызметкерлердің 51,5 пайызы – әйелдер, ал ерлердің үлесі – 48,5 пайыз.

Білім деңгейіне қарай айырмашылық айқын. Орта білімі бар азаматтар айына шамамен 289 673 теңге алады. Жоғары білімділердің орташа табысы – 497 563 теңге, ал магистр мен PhD дәрежесіне ие қызметкерлер 672 493 теңге шамасында жалақы алады.

ИНФЛЯЦИЯ СТАТИСТИКАҒА БАҒЫНА МА? 

2026 жылға арналған мемлекеттік бюджет жобасында инфляция деңгейі 10% деп көрсетілген. Қаржы министрлігі бұл көрсеткішті «тұрақтылықтың белгісі» деп түсіндірген еді. Алайда соңғы бес жылда үкіметтің инфляция жөніндегі болжамдары шындықпен дәл келген емес. 2023 жылы күтілген 8%-дың орнына нақты көрсеткіш 20%-ға жетті. Былтыр 15%, ал биыл қыркүйекте инфляция 12,9% деңгейінде тіркелді. Яғни, баға өсімі мен ресми есеп арасы алшақ. 

Қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, инфляцияның күшеюі мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуы экономикадағы “қымбат ақша дәуірін” бастады. Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын ұстанып, банктер депозиттік мөлшерлемені көтеріп тастады. Несие беру күрт шектелді. Кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржы көзі азайды, ал халық үшін тұтынушылық және ипотекалық несие алу іс жүзінде мүмкін болмай қалды деуге болады.

Сарапшыларының пікірінше, ел экономикасы қатаң монетарлық жағдайлар кезеңіне қадам басты. Ақша қымбаттап, несие алу қиындап барады, ал банктердің табыстылығы төмендеп келеді. Резервтік талаптардың күшеюі, пайыздық мөлшерлемелер мен инфляцияның өсуі инвестициялық циклдің баяулауына алып келуде. Банктер шығындарын азайту үшін оларды клиенттерге жүктей бастады.

-Инфляциялық және девальвациялық күтулер тұрақталмайынша, мөлшерлемелер төмендемейді. Демек, бизнес те, халық та қымбат ақша және капиталға шектеулі қолжетімділік жағдайында өмір сүреді, – дейді қауымдастық мамандары.

Мұндай жағдайда бизнестің де, халықтың да “экономикалық тынысы” тарылып отыр.