«Кибершабуылдар мен қудалау Қазақстандық журналистерді қорқытудың құралына айналды» – Самал Ибраева

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Ulysmedia.kz тәуелсіз медиасының негізін қалаушы, Бас редактор Самал Ибраева Варшавада өткен ЕҚЫҰ конференциясында сөз сөйледі. Іс-шара Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ODIHR) қолдауымен ұйымдастырылған.

Өз сөзінде Самал Ибраева Ulysmedia.kz редакциясына жасалған қысымды нақты мысалдармен келтірді. Оның айтуынша, төрт жыл ішінде медиа тұрақты түрде DDoS-шабуылдарға, құқықтық қысымдарға ұшырап, жала жабу сияқты аяқтан шалу әрекеттерін бастан өткерген.

– Тұрақты қауіп-қатер мен қудалауға қарамастан, біздің команда кәсіби журналистика мен адалдық стандарттарына берік, – деді ол.

Журналист әйелдердің медиа саласындағы жағдайына да тоқталып, қазақстандық әйел журналистер кәсіби және жекелеген қысымға тап болатынын атап өтті.

– DDoS-шабуылдар, кибербуллинг, желідегі қудалау – бұлар енді жекелеген оқиға емес, журналистерді сындыруға және бағындыруға бағытталған жүйелі қысымның көрінісі, – деді Самал Ибраева.

Самал Ибраева өз сөзінде бұрын-соңды болмаған сұмдық жағдай туралы айтты, қаскөйлер оның жеке мәліметтері мен фотосуретін пайдаланып, Қазақстан аумағында қолжетімді порносайтқа тіркеген.

– ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Ян Братшу менің жағдайымды естіп, қатты таңғалды. Ал Ішкі істер министрлігі ештеңе істей алмады (немесе істегісі келмеді): іс қозғалғанымен, қазір тоқтап тұр, сайт жұмыс істеп жатыр, ал порнобизнес өркендеуде, – деді ол.

Соған қарамастан, журналист қорқыту мен қысымға берілмейтінін атап өтті.

– Барлық осы шабуылдар мені шыңдады. Мен кейбір шенеуніктер сын қабылдап, өз қателіктерін түзетуді үйренуі керек деп есептеймін. Өкілеттігін асыра пайдаланып, сын айтқан журналистерге қарсы соғыс ашу – әлсіздіктің белгісі, – деді Ибраева.

Ulysmedia.kz сайтына жасалған шабуылдар

Еске салайық, 2023 жылдың басында белгісіз тұлғалар Ulysmedia.kz сайтына хакерлік шабуыл жасап, Самал Ибраеваның және оның отбасының жеке деректерін жариялаған.

Редакция басшысы бұған байланысты ресми мәлімдеме жасаған еді. Сол жылы сайт күн сайын дерлік DDoS-шабуылдарға ұшырап отырды.

Ал 2025 жылы қарсы тарап одан да әріге барып, Самал Ибраеваның жеке ақпаратын порносайтта жариялаған. Бұл оқиға мамыр айында болған, алайда ІІМ істі әлі тергеп біткен жоқ, ал сайт әлі күнге дейін Қазақстан аумағында ашық жұмыс істеп тұр.

Контекст

Қазір Варшавада Warsaw Human Dimension Conference-2025 өтіп жатыр. Шара ЕҚЫҰ-ның Финляндия төрағалығы мен Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ODIHR) қолдауымен ұйымдастырылған.

6-17 қазан аралығында өтетін конференция Еуропадағы адам құқықтары, демократиялық институттар, БАҚ еркіндігі және заң үстемдігі тақырыптарын талқылайтын ең ірі алаңдардың бірі саналады.

Жыл сайын форум ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің, азаматтық қоғамның, журналистер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіріп, демократия мен адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.