«Үркер» тобының мүшесі Айдос Сағат 90-жылдардың ортасында болған бір қызықты жағдайды айтып, сол кездегі Алматы әкімі Виктор Храпуновтың оларға әлі де қарыз екенін айтып, еске алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Фонограммамен айту – ол кезде міндет болатын»
Айдос Сағаттың айтуынша, топ 90-жылдардың ортасында Республика сарайында өткен үкіметтік концертке қатысқан. Сол шараға сол кездегі қала әкімі Виктор Храпунов та қатысып, бірінші қатарда отырған.
– Бұл Республика күні болатын. Біз «Мой Казахстан» әнін орындауымыз керек еді. Ол кезде барлық үкіметтік концерттер фонограммамен өтетін. Қаласаң да, жанды дауыспен айтқызбайтын. «Артық сөз айтып қояды» деп, бәрінфонограммамен орындайтынбыз, – дейді музыкант.
Концерт кезінде бірнеше техникалық ақау болып, дыбыс режиссері әр жолы қате фонограмма қосқан.
– Біз сахнаға шықтық, ал ол басқа трек қосып қояды. Тоқтатамыз да, «қайтадан бастайық» дейміз. Тағы да шатасады. Ең қызығы – дыбыс режиссерінің аты да Витя екен. Біз сахнадан «Витя, не та фанера!» деп айқайлаймыз. Сол сәтте бірінші қатарда отырған Храпунов біртүрлі болып қалды. Күлкілі жағдай болды, – деп еске алады Айдос Сағат.
Гонорар төленбеді
Оқиға соңында топ өз әнін әрең орындап шыққан. Алайда біраз уақыттан кейін әкімдіктен қатты сын айтылған хат келген.
– Сол хатта «концерттің шырқын бұздыңдар, дайындыққа келмедіңдер, сондықтан гонорар төленбейді» деп жазылған еді. Сөйтіп, бізге сол кезде ақша берілмей қалды. Содан бері Храпунов бізге қарыз ғой, – деді музыкант.