Мұнай-газ саласының сарапшысы және Энергетика министрлігінің бұрынғы қоғамдық кеңес мүшесі Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысы 500 теңге болуы керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Байділдиновтың айтуынша, көлік компаниялары шығынмен жұмыс істеп отыр, ал қазіргі тарифтер олардың шығынын жаппайды. Мысалы, Петропавлда қоғамдық көліктегі шығынсыз жол ақысы 345 теңге болса, жолаушылар қазір қолма-қолсыз төлеммен 100 теңге, қолма-қол төлеммен 170 теңге төлейді.
– Мен бұл туралы бұрыннан айтып келемін: бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар — ашық емес, жемқорлыққа бейім және пайдаланушылар үшін сапа әкелмейді. Астана мен Алматыда жол ақысы 500 теңге болуға тиіс (мәслихат сессияларында бұған дейін 450 теңге көлемі аталған). Тек Алматының өзінде былтыр автобус тасымалдарын субсидиялауға шамамен 200 млн доллар бөлінді. Ал сіз соған лайық қызмет сапасын көріп отырсыз ба?, – деп жазды Байділдинов.
Оның пікірінше, жолаушылар жол ақысын жүрген қашықтығына қарай төлеуі керек.
– 3 аялдама ғана жүретін адамның, соңғы аялдамаға дейін 1,5 сағат жол жүретін жолаушымен бірдей ақы төлеуінде ешқандай экономикалық немесе логикалық негіз жоқ. Автопарктерге берілетін нарыққа сай емес, ашық емес субсидияларды алып тастап, бағаны нарыққа жіберуді ұсынамын. Ерте ме, кеш пе бәрібір соған келеміз, – деді ол.
Еске салайық, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Байділдинов сұйытылған газ бағасының өсуі туралы пікірінен кейін жұрт назарына іліккен еді. Сол кезде ол «баға қымбаттады деп наразы болғандар қоғамдық көлікке мінсін» деп, литріне 15-20 теңгеге артқан бағаны «болмашы сома» деп атаған, себебі «интернетке одан да көп төлейміз» деген еді.