Палестиналық журналист Салех әл-Джафарави Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісім жасалғаннан бірнеше күн өткен соң Газа қаласында болған қақтығыстар кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Палестиналық дереккөздер Al Jazeera Arabic-ке соғыс жайлы видеоларымен танымал болған 28 жастағы журналист Сабра ауданында қақтығысты түсіру кезінде «қарулы жасақ» мүшелерінің оғынан қаза тапқанын хабарлады. Al Jazeera-мен байланысты Sanad агенттігі журналистің «БАҚ» деген жазуы бар бронежилет киген күйде жүк көлігінің артқы жағында жатқан денесін көрсеткен бейнежазбаның шынайылығын растады.
Әл-Джафарави жексенбі таңынан бері хабарсыз болған. Палестиналық ақпарат көздері сол күні Сабрада ХАМАС қауіпсіздік күштері мен Догмуш руының сарбаздары арасында қақтығыс болғанын айтқанымен, бұл дерек жергілікті билік тарапынан расталмаған.
Газа ішкі істер министрлігіндегі жоғары лауазымды дереккөз Al Jazeera Arabic-ке берген сұхбатында қақтығыстардың «израильдік оккупациямен байланысты қарулы топтармен» болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қауіпсіздік күштері жасақты қоршауға алған, ал «жасақ мүшелері» Газаның оңтүстігінен қалаға оралған тұрғындарды өлтірген.
Атысты тоқтату туралы келісім жасалғанына қарамастан, жергілікті билік Газа секторындағы қауіпсіздік жағдайы әлі де күрделі екенін бірнеше рет ескерткен.
ЖУРНАЛИСТ НЕ АЙТҚАН ЕДІ?
Қаңтар айында, уақытша атысты тоқтату кезеңі басталардан бірнеше күн бұрын, әл-Джафарави Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында Газаның солтүстігінен эвакуациялану тәжірибесі туралы айтып берген.
- 467 күн бойы бастан өткерген оқиғалар мен көріністер менің жадымнан ешқашан өшпейді. Біз көрген қиындықтарды ешқашан ұмытпаймыз, – деген еді ол.
Сондай-ақ журналист өз кәсіби қызметіне байланысты Израиль тарапынан бірнеше рет қоқан-лоқы алғанын айтқан.
- Шынымды айтсам, мен әр секунд сайын қорқынышта өмір сүрдім, әсіресе Израиль оккупациясының мен жайлы не айтып жатқанын естіген соң. Әрбір сәт мен үшін белгісіздікпен өтті, – деген болатын әл-Джафарави.