Базалық мөлшерлеменің көтерілуі коммерциялық ипотека нарығына әсер етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Экономист Бекнұр Қисықовтың пікірінше, ипотека «қолжетімді» болудан қалады.
– Енді бизнеске және халыққа арналған кредиттердің қымбаттауын күтеміз, бұл сөзсіз тұтынушылық сұраныс пен инвестициялық белсенділіктің баяулауына алып келеді. Бұл, әрине, қаржылық тұрақтылыққа бағытталған мәжбүрлі қадам, бірақ қысқа мерзімді перспективада экономикалық өсімге кері әсері бар. Бұған дейін де ипотека қымбаттаған еді. Енді тағы бір-екі пайыз қосылады. Сөйтіп, бізде енді қолжетімді емес, «алтын» ипотека пайда болды. Қолжетімді ипотека тек Отбасы банк арқылы ғана бар, бірақ ол – әлеуметтік, – дейді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтарға ипотека рәсімдеу мен банктердің сыйақы мөлшерлемелеріне қатысты кеңес берген.
Сүлейменовтің айтуынша, банктердің сыйақы мөлшерлемесі – бұл Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдайтын арнайы құрал. Бұл мөлшерлеме қаржылық тұрақтылық пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдік негізінде таңдалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Ұлттық банк мәліметінше, инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызған. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келген.