Сотталған шенеуніктің ұлы Ақордада басшылық қызметке тағайындалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі болып Жандос Бақытбекұлы Иманалиев тағайындалды. Ол — мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің бұрынғы төрағасы Бақытбек Иманалиевтің ұлы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ТУШЕНКА ІСІ”

Бақытбек Иманалиев қоғамға «тушенка ісі» арқылы танылған еді. 2021 жылы ол басқа да айыпталушылармен бірге мемлекет мүлкін 6,5 миллиард теңгеге жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда үкім шыққаннан кейін арада бір жыл өтпей, Иманалиев түрмеден босап шыққан. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті бұл жағдайды сотталғанның денсаулығына байланысты деп түсіндірді, бірақ диагнозы туралы нақты мәлімет жарияламады, оны дәрігерлік құпияға сілтеп түсіндірді.

ПРЕЗИДЕНТТІК РЕЗЕРВ

Айта кетейік, Жандос Иманалиев 2021 жылы президенттік жастар кадр резервіне енген болатын. Бұл бағдарлама жаңа буын басқарушыларын даярлауға арналған. Сол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарған Анар Жайылғанова бұл резервке жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары мен туыстары алынбайтынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бағдарлама шын мәнінде «мүмкіндігі шектеулі жастар үшін әлеуметтік лифтке айналуы тиіс» болған.