Шымкенттегі инфекциялық ауруханада науқастар дәлізде жерде жатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әлеуметтік желіде тараған видеода науқастар дәлізде жатқанын көруге болады. Тіпті олар дәлізде төсекте емес, жерде жатқан.
- Дәрігерлердің кінәсі жоқ. 1,5 миллион халқы бар Шымкентте инфекциялық ауруханада шұғыл жағдайда неге палата бөлінбейді? Қай дәуірде, қай заманда дәрігерлер жерде жатып науқастарды қараған? Бәрі жатыр. Мен қызыммен келдім. Жатқан жоқпыз, әлі отырмыз, – дейді видео авторы.
БАСҚАРМА НЕ ДЕЙДІ
Бұл жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Шымкенттің денсаулық сақтау басқармасына жүгіндік. Басқарма өкілдері Шымкенттегі инфекциялық ауруханада науқастарды орналастыру жағдайы толық реттелді деп, аурухананың қазіргі кездегі суреттерін жіберді.
Ал халықтың дәлізде жатуына науқастар санының күрт өсуі мен төсек-орын тапшылығы себеп болған.
- Қазіргі уақытта медициналық ұйымның екі бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 15 жылдан бері жөндеу көрмеген ауруханада бүгінде ауқымды жаңғырту шаралары қолға алынған. Медициналық ұйымның жылу жүйелері мен желдеткіштері толық ауыстырылып, есік-терезелері жаңартылуда. Жөндеу жұмыстарының сапасы қатаң бақылауға алынған. Жоспар бойынша барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде, дейді басқарма өкілдері.
Ауруханада шаралар қабылданып, барлық науқас санитариялық нормалар мен талаптарға сәйкес палаталарға орналастырылған.
Сонымен қатар, басқарма мәліметінше, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы тек қала тұрғындарына ғана емес, Түркістан облысының тұрғындарына қызмет көрсетілетін көрінеді.