Режимдік нысандағы сарбаз өлімі: Сағындықовтың сағындырған жауабы қандай

Ulysmedia
Коллаж: Ұлысмедиа

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ulysmedia.kz журналистеріне 21 жастағы мерзімді әскери қызметші Еркебұлан Сағындықов қаза тапқан шекара заставасына баруға рұқсат бермеді. Ресми тергеу нұсқасы бойынша сарбаз бензин буынан уланып көз жұмған. Алайда отбасы бұл нұсқаға сенбейді және істің жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Бірақ ҰҚК «режимдік нысан» деген себеппен шлагбаумды түсіріп, жолды жапты.
 

Бес күнде – қысқа жауап

Ulysmedia.kz редакциясы ҰҚК-дан тілшінің Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара заставасына баруына рұқсат сұраған. Онда 7 қазанда сарбаз Еркебұлан Сағындықов қаза тапқан еді. «БАҚ туралы» заңға сәйкес, ведомство бес жұмыс күні ішінде жауап беруі тиіс. Комитет бесінші күні жауап берді, алайда жауабы қысқа болды.

– Аталған оқиға орны режимдік нысан аумағында орналасқан. Осыған байланысты оған бару мүмкін емес, – делінген ҰҚК жауабында.

Басқа нәрсе айтылмаған, түсініктеме де берілмеген. Формалды тұрғыдан бәрі дұрыс: режимдік нысан – баруға болмайтын аймақ. Бірақ осыған байланысты сұрақтар да туындады. Себебі Сағындықовтың отбасы да ресми нұсқаға сенбейді.

«Анашым, басқа бөлімге ауысуға бола ма?»

Еркебұлан Сағындықов 2024 жылдың көктемінде Үстіртке жіберілген. Застава елсіз жерде орналасқан, туыстарының айтуынша, маңайда тіпті дүкен де жоқ. Ол үнемі анасымен және болашақ қалыңдығымен хабарласып тұрған, ал хаттарынан қызметтің ауыр өткені байқалған.

– Сенбі күні сөйлескенімізде: «Анашым, басқа бөлімге ауысуға мүмкіндік бар ма?» – деп сұрады. Мен: «Неге? Бес-ақ ай қалды ғой, шыдай алмайсың ба?» – дедім. Ол: «Жарайды, анашым», – деді, – деп еске алады Еркебұланның анасы Гүлназ Жұмабаева.

Ол ұлының өлімінің себебін түсіне алмайтынын айтады:

– Ол дені сап-сау, спортпен айналысатын жігіт еді. «Бензиннен уланып өлді» дейді, бұл қалай болғаны?

Сарбаздың қалыңдығы Ақниет Мұқан оның хаттарын сақтап қойған. Әңгімелерінде Еркебұлан жиі ақша сұраған, көбіне 15-20 мың теңге. Оған машина қосцмша бөлшектерін сатып алатынын айтқан. 

- Оның хабарламалары әлі де бар. Көбіне: «Моторды жөндеу керек, ақша бересің бе?» – деп жазатын. Үстірт – нағыз иен дала, маңайда ештеңе жоқ. Көбіне: «Маған өте қиын» дейтін, – дейді Ақниет.

Еркебұлан отбасындағы ең кенже бала еді. Әкесінен ерте айырылған, медициналық колледжде оқыған. Әскерден кейін үйленемін деп жүрген, бірақ ол арманы орындалмады.

Бензин, генератор және «қауіпсіздік шараларын сақтамау»

Шекара қызметінің ресми нұсқасы қысқа әрі түсініксіз:

– Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларының сақталмауынан болған, – деп хабарлады ведомство.

Әлеуметтік желілерде нақтырақ нұсқа тарады: Еркебұлан командирдің бұйрығымен дизель генераторының радиаторын жуу үшін қоймаға бензин алуға барған. Отын буымен уланып, есінен танып қалған. Артынан оянбаған. Қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу басталды. Бірақ оқиға орнына журналистердің де баруына тыйым салынды. Себеп сол баяғы — «режимдік нысан».

Жауапсыз сұрақтар

Үйленемін деп жүрген 21 жастағы жігіттің табытпен үйіне оралуына кім жауап береді? ҰҚК тергеуді бастаған. Отбасы әділдік пен кінәлілердің жазасын талап етеді. Бірақ ведомство «режимдік нысанның» биік дуалының ар жағында үнсіз отыр.

Жауап жоқ. Тек тағы бір жас сарбаздың қабірі мен «анықтаймыз» деген кезекті уәде ғана қалды.