Жаһандық жылынудан Азия мен Африка қалалары су астында қалуы мүмкін - зерттеу

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Макгилл университетінің ғалымдары мен олардың әріптестері теңіз деңгейінің көтерілуі Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік және Орталық Америкадағы ғимараттарға қалай әсер ететінін зерттеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Зерттеу нәтижелері Urban Sustainability журналында жарияланды.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Спутниктік талдау деректеріне сәйкес, аталған аймақтарда шамамен 840 миллион ғимарат бар. Егер теңіз деңгейі небәрі 0,5 метрге көтерілсе, 3 миллион ғимарат су астында қалу қаупінде болады. Ал 5 метрге көтерілсе – шамамен 45 миллион, 20 метрге көтерілген жағдайда – 136 миллион нысанға қауіп төнеді.

Ең осал өңірлер – Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка жағалаулары. Әсіресе Ніл, Амазонка, Гамбия және Рио-де-ла-Плата өзендерінің атырауларында жағдай күрделі.

Ғалымдардың айтуынша, Париж келісімі талаптары орындалғанның өзінде, яғни жаһандық жылыну шектеулі болса да, 2300 жылға қарай жағалаудағы инфрақұрылымның айтарлықтай бөлігі жойылады.

Сонымен қатар, жердің шөгуі, эрозия және жерасты суларының шамадан тыс пайдаланылуы сияқты жергілікті факторлар су басу үдерісін жылдамдатуы мүмкін.

Зерттеу авторларының пікірінше, алынған деректер билік пен қала жоспарлаушыларына ұзақмерзімді бейімделу шараларын – су тасқынынан қорғау жүйелерінен бастап, осал қауымдастықтарды көшіруге дейін – тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.