Миллиардтар қайда кетті? ӘКК арқылы бағаны тұрақтандыруда заңбұзушылықтар әшкере болды

Динара Жарқынбек
Ulysmedia

Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы бағаны тұрақтандыру тетігінің жүзеге асырылуына кешенді талдау жүргізілді. Нәтижесінде бұл тетік бағаның өсуін тежеу мақсатына сай тиімді пайдаланылмай отырғаны және адал бәсеке, тең қолжетімділік пен ашықтық қағидаттары жиі бұзылатыны анықталды. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарлады.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тексеру барысында кей өңірлерде кәсіпкерлерге берілген несиелер уақытында қайтарылмаған. Мысалы, бір компания 489 миллион теңге алып, ақшаны қайтармаған. Жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеден асатын басқа несиелер де өтелмеген. Кейбір кәсіпкерлерге пайызсыз несие беріліп, бұл өзге қатысушыларға әділетсіз артықшылық жасаған.

Сондай-ақ, мемлекет қаржысына сатып алынған азық-түліктің бәрі дүкен сөрелеріне жетпегені белгілі болды. Соңғы екі жылда алынған тауарлардың тек 19 пайызы ғана сатылған, ал 2021 жылы алынған кей өнімдер әлі де қоймада жатыр.

Қаражаттың тиімсіз жұмсалуы да тіркелген. Мысалы, өнім көп болған кезде картоп сатып алуға 5,1 миллиард теңге бөлінген, ал тапшылық кезінде мұндай шаралар жүргізілмеген.

Нәтижесінде бір ӘКК-ге 1 миллион 180 мың теңге айыппұл салынды, ал бірнеше өңірдегі корпорацияларға заң бұзушылықтар бойынша ескерту жасалды. Агенттік келісімшарт талаптарын біріздендіру, ақшаны қайтармай келісімді ұзартуға жол бермеу және әкімдіктердің жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар әзірледі.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін мәжіліс депутаттары мемлекеттік секторды оңтайландыру жоспарын ұсынуды және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы заң қабылдауды талап етті.

Олардың айтуынша, бүгінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметін реттейтін бірыңғай заң жоқ. Осы себепті әр өңірдегі корпорациялар өз бетінше әрекет етіп, жиі ашықтық пен тиімділіктен алшақ жұмыс істейді. Депутаттар кейбір ӘКК-лердің «өз адамдарына» қолдау көрсетіп, өзге жобалар мен инвесторларға кедергі келтіретінін, тіпті банк лицензиясысыз несие беріп, қоғам алдында есеп бермейтінін атап өтті.

Мәселен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының заң бұзушылықтарын анықтаған. Тексеру қорытындысы бойынша компания антимонополиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14,6 миллион теңге айыппұл салынған.

Депутаттар мұндай жағдайлар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін жүйелі бақылау мен нақты құқықтық негіздің қажеттілігін көрсетіп отырғанын айтты.