АҚШ-та екі қазақстандық есірткімен ұсталды

Сырым Қаржас
Фото: ашық дереккөзден

27 қыркүйекте АҚШ-тағы Чамберс округінің шериф кеңсесі мен Есірткімен күрес агенттігі (DEA) бірлесіп жүргізген арнайы операция кезінде 35 келі күдікті кокаин тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Арнайы тергеу бөлімі I-10 тасжолының 810-шақырымында автотасымалдаушы көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде K-9 Sigma атты ит иіс арқылы есірткіні анықтап, жүк тасымалдаушы көліктен 35 келі кокаин табылған.

КҮДІКТІЛЕР

Көлік жүргізушісі – Нұрсұлтан Мұқтавалиев (Нью-Йорк штаты), ал жолаушысы – Мұхит Данибеков (Пенсильвания штаты) екені анықталды. Екеуі де аса ауыр қылмыс — бірінші дәрежелі есірткі заттарын сақтау бабы бойынша айыпталып, Чамберс округінің тергеу изоляторына қамалды.

РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ

Шериф кеңсесі бұл операцияны «есірткіге қарсы күрестегі табысты әрекет» деп атап, Чамберс округі есірткіні көшелерден аластауға бар күшін салып жатыр деп мәлімдеді.

Ұлысмедиа тілшісі істің мән-жайын анықтау үшін сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады. Ведомство екі қазақстандық туралы ақпарат жоқ екенін хабарлады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Индонезияда Қазақстанның екі азаматы есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Сәуір мен маусым аралығында Индонезияда жүргізілген ауқымды есірткіге қарсы операция барысында 285 адам ұсталды. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетелдік бар. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.