Экс-министр АШМ-нің етке қатысты шешімін сынға алды

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Ауыл шаруашылығының бұрынғы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақстан билігінің ет экспортына шектеу қою және толық тыйым салу шешімін сынға алды. Оның айтуынша, қабылданған шаралар елдегі ет өндірісінің төмендегенін көрсетеді, ал мемлекеттік органдардың түсіндіруі шынайы жағдайды бүркемелеуге бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Толығырақ

Мамытбековтің айтуынша, қыркүйек айында үкімет сиыр етін шетелге шығаруға 13,5 мың тонна көлемінде квота енгізсе, қазан айында экспортқа толық тыйым салған. Тыйым Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де таралады.

Мемлекеттік органдар бұл шешімді «азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және бағаны тұрақтандыру мақсатында қабылданды» деп түсіндірген. Алайда экс-министр бұл уәжбен келіспейді.

- Егер 13,5 мың тонна сиыр етін шектеу нарыққа осыншалық әсер етсе, бұл елдегі өндіріс айтарлықтай қысқарғанын білдіреді. Демек, шектеу емес, өндірісті арттыру мәселесін шешу керек, - деп жазды Мамытбеков.

Қазақстандық нарықта Ресейдің еті

Экс-министрдің мәліметінше, Ресейден Қазақстанға арзан ет ағылып келіп жатыр.

- Ресейлік жеткізушілер етті тиынға сатады, ал біздің өңдеушілер салықсыз әкелінген өніммен бәсекелесе алмай отыр, – дейді ол.

15 қазанда "АПК Новости" агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, ресейлік етті жеткізушілер де, қазақстандық сатып алушылар да бұл импорттан салық төлемейді. Сонымен қатар, тірі малды экспорттауға да толық тыйым салынған.

Ресми деректер не дейді

Мамытбеков төмендегідей статистиканы келтіреді:

  • 2019 жылы Қазақстан 63 мың тонна сиыр етін (ет және тірі мал эквивалентінде) экспорттаған;
  • 2019 жылы елдегі ірі қара мал саны – 7,4 млн бас,
  • 2025 жылы – 8,7 млн бас;
  • 2019 және 2024 жылдардағы өндіріс көлемдері сенімсіз болғандықтан жарияланбаған.

Асылжан Мамытбековтің пікірінше, қазіргі саясат нарықты қорғаудан гөрі өндіріс әлсіздігін жасыруды көздейді.

- Біздің ет нарығына әсер етіп отырған басты фактор – өндіріс көлемінің азаюы. Ал биліктің “тыйым” мен “шектеу” арқылы мәселені шешпек болуы – қате бағыт, – деп түйіндеді экс-министр.

Бұған дейін

Еске салайық, бұған дейін жыл соңына дейін Қазақстаннан сиыр етін экспорттауға шектеу қойылатыны хабарланған еді