Қостанай облысының полициясы такси қызметі ретінде жұмыс істеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тергеу мәліметінше, күдіктілер тұрмысы төмен және қолайсыз отбасылардан шыққан жас қыздарды таңдап, оларды қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Қыздар жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұсталған. Ал интимдік қызмет көрсету үшін оларды қаладағы сауналарға апарып отырған. Полиция осындай 12 орын мен олардың әкімшілерін анықтады.
– Тінту барысында ірі көлемдегі ақша, құжаттар, техника, банк карталары және қылмыстық әрекетте пайдаланылған болуы мүмкін тоғыз автокөлік тәркіленді, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар тергеу барысында заңсыз табыстың бір бөлігі жалған банк шоты арқылы заңдастырылғаны белгілі болды. Бұл қаржыға автокөліктер, тіркемелер мен гараждар сатып алынған.
– Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, соның ішінде — “Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру” бабы бар. Бірнеше күдікті ұсталды, қалғандарына қатысты процессуалдық шаралар қолданылды, – деп толықтырды полиция өкілдері.