Halyk Bank-тің негізгі акционері акциялардың бір бөлігін сату мүмкіндігі нені білдіреді?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«АЛМЭКС» холдингтік тобы – Halyk Bank-тің бақылаушы акционері – банк акцияларының бір бөлігін екінші реттік нарықта сату мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл шешімнің мақсаты – Halyk Bank бағалы қағаздарының өтімділігін арттыру, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАНДАЙ АКЦИЯЛАР САТЫЛАДЫ? 

Келісімнің толық егжей-тегжейі акциялар орналастырылған сәтте жарияланбақ. Дегенмен, «АЛМЭКС» АҚ-ның заң департаментінің директоры Дәурен Сүйіндіков бұл жаңалыққа қатысты пікір білдірді.

– АЛМЭКС-ке тиесілі Halyk Bank акцияларының бір бөлігін сату – бұл тек бір балама нұсқа. Оның басты мақсаты – Halyk Bank акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарының өтімділігін арттыру, сондай-ақ инвесторлар шеңберін кеңейту, – деді ол.

Сонымен қатар Сүйіндіков кез келген жағдайда Холдинг Halyk Bank-тің бақылаушы мажоритар акционері болып қала беретінін атап өтті.

ЕКІНШІ РЕТТІК САТУ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

2025 жылдың шілдесі бойынша, Halyk Bank 18,1% деңгейіндегі бірінші деңгейлі базалық капитал (CET1) коэффициентімен тұрақты капиталдандыру көрсеткіштерін сақтап отыр. Банк сонымен қатар жоғары рентабельділікке ие және жергілікті әрі халықаралық инвесторлар базасының сапасын сақтауға ұмтылуда.

Екінші реттік бағалы қағаздарды орналастыру – бұл жаңа инвесторларды тарту мүмкіндігі, әрі халықаралық, әрі жергілікті нарықтарда. Бұл инвесторлық базаны кеңейтіп, Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының дамуына оң әсер етеді.

Қазіргі инвесторлар үшін бұл шешім өтімділіктің артуын және баға құбылмалылығының төмендеуін білдіруі мүмкін. Halyk Bank мұндай кезеңнен 2019 жылы өткен болатын. Ал бұл жолғы орналастыру компанияның тұрақтылығын және ауқымын дәлелдейді.

Halyk Bank акцияларының биржада қайта пайда болуы қаржы секторының жалпы өсіміне серпін беріп, ұлттық капитал нарығына деген сенімді арттырады және Қазақстанның аймақтық инвестициялық орталық ретіндегі позициясын нығайтады.