Қазақстанда 89 блогер заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жазаланды. Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті олардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Комитет 2025 жылғы лотерея және лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған құқық бұзушылардың тізімін жариялады.
Ең көп айыппұл павлодарлық блогер Динара Евлоеваға салынған. Ол заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 2 064 300 теңге айыппұл төлейді. Дәл осы сомадағы айыппұл ақтаулық кәсіпкерге де салынған.
ТАНЫМАЛ АДАМДАР
Тізімде танымал қазақстандықтар да бар. Мысалы блогер Дархан Жолшыбек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1 бабының 6 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 100 АЕК яғни 393 200 теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, бұл тізімде блогер Мереке Қалбаева да бар. Ол заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 589 800 теңге айыппұл арқалады. Тізімде тағы бір блогер – Нұрбек Нұртаза да бар. Блогерге 300 АЕК (1 179 600 теңге) айыппұл салынған.
Комитет жариялаған тізімде актер Рамазан Амантай да бар. Ол 100 АЕК яғни 393 200 теңге айыппұл арқалаған.
Актриса Мөлдір Мұқановаға да заңсыз ұтыс ойнатқаны үшін айыппұл салынған. Мұқановаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1 бабының 6 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 589 800 теңге айыппұл жазылған.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті жыл басынан бері рұқсатсыз лотерея мен ұтыс ойындарын өткізген 89 блогер мен аккаунтты анықтағанын хабарлаған едік.