Ипотеканың жаңа ережесі: баспана алу қиындай ма

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық несиелеу жүйесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Енді ипотека мөлшерлемесі сараланған болады — бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, пайыз соғұрлым төмен болады. Ал қымбат «нарықтық» ипотеканы тек табысы орташа деңгейден жоғары азаматтар ғана ала алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ИПОТЕКА НАРЫҒЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІС

Қазақстанда ипотекалық мөлшерлемелерді есептеудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың  айтуынша, негізгі қағида — мөлшерлеме 20 пайыздан аспауы тиіс, себебі бұл деңгейдің өзі қарыз жүктемесін тым арттырады. Алайда Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесіне байланысты нарықтық ипотекалық несиелер қымбат болып қалып отыр.

«20 пайыз — бұл қазірдің өзінде жоғары мөлшерлеме. Біз ипотека арзандауы керек деп есептейміз, бірақ әзірге жоғары базалық мөлшерлеме мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан біз мөлшерлемені бастапқы жарна көлеміне қарай сараланған етуді ұсынамыз», — деді Әбілқасымова.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес:

  • егер бастапқы жарна 70 пайыз және одан жоғары болса, мөлшерлеме төмен болады;
  • егер жарна 30 пайыздан аз болса, мөлшерлеме жоғары болады — бұл тәуекелі жоғары несиелерді ынталандырмау үшін.

Сонымен қатар, нарықтық мөлшерлемемен ипотека тек белгілі бір санаттағы қарыз алушыларға ғана қолжетімді болады.

«Нарықтық мөлшерлемемен ипотеканы тек табысы орташа деңгейден жоғары азаматтар ғана ала алады. Ал табысы төмен немесе орташа деңгейден төмен азаматтарға ипотекалық несиелер “Отбасы банк” арқылы берілуі тиіс», — деп атап өтті ҚНРДА басшысы.

Әбілқасымованың айтуынша, болашақта құрылыс жинақ жүйесін екінші деңгейлі банктерге де тарату жоспарланып отыр. «Отбасы банк» үлгісімен қазақстандықтар 1–3 жыл ішінде депозиттерде қаражат жинап, кейін төмен пайызбен ипотека ала алады.

«Бұл азаматтарға бастапқы жарнаны нарықтық мөлшерлемеден төмен ставкамен жинауға және кейін несиені тиімді шарттармен алуға мүмкіндік береді», — деді ол.

Реттеуші мұндай шаралар қарыз жүктемесін азайтып, жоғары мөлшерлемелерге қарамастан өсіп жатқан ипотека нарығының «қызып кетуінің» алдын алады деп күтеді.