Бір жылдан бері қамауда отырған Алмасбек Садырбай Тоқаевқа үндеу жасады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Тергеу изоляторында отырған фермер әрі қоғамдық белсенді Алмасбек Садырбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҮНДЕУ

Алмасбек Садырбайдың қамауда отырғанына бір жылдай болған. 

- Менің ойымша, әділдіктің орнауына енді тек Сіз ғана ықпал ете аласыз. Бұл – назар аудартудың немесе біреудің атын пайдаланып қысым көрсетудің амалы емес. Бұл – заңды жолмен әділдік іздеген сан мәрте талпыныстан кейін туындаған жан айқайы, үміт пен шарасыздықтың нәтижесі, дейді фермер. 

Садырбай бір жыл бойы үмітін үзбей, әділ шешім күткенін айтады. 

- Осы уақыт ішінде мені он рет этаппен басқа изоляторларға ауыстырды — әр кезең мен үшін ауыр сынақ болды. Тәжірибелі адвокатым Анар Құсайынованың айтуынша, мұндай көп мәрте этапталу – іс жүзінде рекордтық жағдай. Тергеу мерзімінің соңғы күні ведомствоаралық тергеу тобы (МВТГ) іске жаңа баптар — «ҰҚТ-ға қатысу» және «Мүлікті заңдастыру» баптарын қосып, менің қамауда болу мерзімімді тағы ұзартты, дейді Алмасбек Садырбай үндеуінде. 

Белсендінің ойынша, бұл – оны әдейі қамауда ұстау үшін жасалған әрекет.

- Менің басыма түскен жағдайдың басты себебі – менің қоғамдық қызметім. Соңғы жылдары мен Қазақстанның шағын және орта фермерлерінің мүддесін қорғап, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін көтеріп, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шешімдерге агроолигархиялық құрылымдардың қысымын сынадым. Мен әрдайым адалдық пен ашықтық, ауылдың тұрақты дамуы және елдің азық-түлік тәуелсіздігі үшін күрестім, – дейді фермер. 

Сонымен қатар, Алмасбек Садырбайдың сөзінше, 2024 жылы оның атына ІІМ тарапынан үш қылмыстық іс қозғауға әрекет жасалған. 

- Алайда, Ішкі істер министрлігінің адал қызметкерлерінің арқасында бұл істердің барлығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Ал қазіргі іс — сол жылы маған қарсы төртінші қылмыстық іс болып отыр, бұл жағдайдың өзі істің объективтілігі мен әділдігіне күмән тудырады. 2022 жылғы қаңтар оқиғаларының ауыр күндерінде менің жетекшілігімдегі «Шопан-Ата» мал өсірушілер қауымдастығының мүшелері ел бойынша акиматтар мен ауруханаларды қорғап, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етті, дейді үндеуінде қоғам белсендісі. 

КОНТЕКСТ

Алмасбек Садырбай – фермер және қоғамдық белсенді, «Шаңырақ» бірлестігі мен Shopan-ata қой өсірушілер ассоциациясын басқарған. Ол 2024 жылғы қарашада ұсталған. Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында ол сыбайластарымен бірге жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастырып, шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденген. Ақша нақты қызмет көрсетілмей, немесе жұмыс атқарылмай, байланысы бар кәсіпорындардың есепшотына аударылған делінген.