Трамптың сөзін бұрмалауға қатысты даудан кейін ВВС арнасының топ-менеджерлері қызметінен кетті

Ulysmedia
Фото: BLOOMBERG

АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзін бұрмалауға қатысты даудан кейін британдық ВВС медиакорпорациясының топ-менеджерлері қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

ВВС корпорациясының бас директор Тим Дэйви мен жаңалықтар қызметінің жетекшісі Дебора Тенесс – АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзін бұрмалауға қатысты айыптаулардан кейін қызметтен кетті.

Тим Дэйви ұжымға жолдаған хатында корпорация жұмысында «қателіктер жіберілгенін»мойындады. Сол үшін толық жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеді. Ол әсіресе жаңалықтар бөлімі жайлы «пікірталастарды» атап өтті.

Ал Дебора Тернесс Трамптың сөзін өңдеуге қатысты ұзаққа созылған дау шегіне жеткенін айтып, ақыр соңында оның «BBC беделіне нұқсан келтіре бастағанын» жазды.

Контекст

BBC төңірегіндегі дау былтыр арна эфиріне шыққан «Трамп: Екінші мүмкіндік пе?» атты бір сағаттық бағдарлама себеп болған. Онда Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтарда — Вашингтондағы Конгресс ғимаратында болған тәртіпсіздіктер қарсаңында — сөйлеген сөзі өңделіп берілген. Бағдарлама көрерменге Трамп тәртіпсіздікке тікелей шақырғандай әсер қалдырған.

Трамп сол уақытта: «Біз Капитолийге барып, өзіміздің батыл сенаторлар мен конгрессмендерімізді жігерлендіреміз», — деп мәлімдеген. Бірақ бағдарламада оның сөзі былай берілген: «Біз Капитолийге барамыз... сіздермен бірге мен де барамын. Және біз күресетін боламыз. Бар күшімізбен күресеміз».

BBC кейін түсіндірме жариялап, Трамптың сөйлеген сөзінің арасы 50 минуттен асатын екі бөлігі монтаж кезінде өңделгенін айтты. Медиакорпорация бағдарламаны тәуелсіз продакшн-компания жасаған деп мәлімдеді.

Тим Дэйви BBC-дің бас директоры қызметіне 2020 жылғы қыркүйек айында тағайындалған. Оған дейін жеті жыл бойы корпорацияның коммерциялық бөлімшесі — BBC Studios-ты басқарған. Ол BBC-де жиынтығы 20 жыл қызмет істеген. Дебора Тернесс BBC News бөлімін 2022 жылдан бері басқарып келген.