Бурабайдағы демалыс бағалары жақын арада төмендеуі мүмкін

Динара Жарқынбек
Ашық дереккөзден

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бурабайдағы қымбат демалыс мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол тұрғындардың бюджетін ескеріп, бағаларды төмендету жолдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әкімнің айтуынша, бұл мәселе өте өзекті. Туризм саласында бәсекелестік болу үшін түрлі деңгейдегі демалыс секторы болу қажет екенін айтты. 

- Бұл жерде сәйкес бәсекелестік болуы керек. Қымбат демалыс, орташа деңгейдегі демалыс секторы болуы қажет. Қымбатшылықтың себебі – сұраныстың жасанды түрде өсуі. Сондықтан біз қазір курорттық аймақтарды кеңейтуге, қонақүйлер мен орындарды көбейтуге күш салып жатырмыз. Адамдар өз қаржылары мен қалауларына сай демала алуы тиіс. Бұл нарықты реттейді, – деді Ахметжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі бірнеше жаңа жоғары санатты қонақүйлердің құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтып, бұл басқа қонақүйлердегі бағаларды төмендетуге ықпал ететінін жеткізді. Бурабай аймағын кеңейту және туристік кластерлерді дамыту арқылы инвестиция тарту жоспарлануда.

- Кешенді жоспар бекітілген. Қазір жер учаскелері аукцион арқылы бөлінуде, бұл туристік кластерді дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ақкөл, Қатарқөл, Зеренді сияқты аймақтарды дамытып, туристерді барлық көрікті жерлерге таратуға тырысып жатырмыз, – деді әкім.