2026 жылдан бастап интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер Жеке кәсіпкерлік ашпай-ақ қызмет көрсететін болады. Бұл туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов ҰКП «Атамекен» кеңесінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жаңа заң бойынша платформалар пайдаланушылардың әлеуметтік төлемдерін – зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен МӘМС – автоматты түрде ұстап, аударып отырады. Бұрын жүргізушілер 3% жеңілдетілген салық пен стандартты әлеуметтік төлемдерді қоса төлейтін болса, енді тек әлеуметтік тқлем үшін тек 4% ұсталады. ал жеңілдетілген салық төленбейді.
– Жаңа режим әсіресе уақытша немесе негізгі жұмыстан кейін қосымша жұмыс істейтіндерге арналған. Пайдаланушыға ешқандай есеп жүргізу немесе ЖК тіркеу қажет емес, барлық міндет платформаның өзінде жүзеге асады. Кейбір категория азаматтарға, мысалы зейнеткерлерге, жеңілдіктер қарастырылған: 2% немесе толық босату мүмкіндігі бар, – деді Жәнібек Нұржанов.
ҰКП «Атамекен» төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, жүргізушілер енді жеке кәсіпкерлікті (ИП) жауып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде жұмысын жалғастыра алады. Бұл такси қызметінің құнын арзандатуы мүмкін, себебі шығындар азайып, процесс жеңілдейді.
- Иә, расында солай. Нақты айтпасам да, логикалық тұрғыда алып қарасақ такси құны арзандау керек. Өйткені адамдар тікелей Яндекс Платформа немесе басқа платформалар арқылы жұмыс істейді. Ал, платформа жүргізуші үшін барлық салықты өзі төлейді, қосылу механизмі әлдеқайда жеңіл болады, – деді Тимур Жаркенов.
Жаңа тәртіп 2026 жылдан бастап жылдық кірісі 300 АЕК-тен (1,3 млн теңге) аспайтын және жалдамалы қызметкерлері жоқ барлық өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қолданылады.