"Қайрат" жанкүйерлері клуб басшылығының бұл әрекетін өте жаман қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Клубтың баспасөз қызметі бүгін, 18 қарашада, «Қайрат» – «Олимпиакос» (9 желтоқсан) және «Қайрат» – «Брюгге» (20 қаңтар) матчтарының «Астана Аренаға» ауыстырылғанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, мәлімдемеде билет бағаларының өзгергені айтылған: енді олар 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін болады.
Алматыда өткен алғашқы екі ойынға билеттердің бағасы өзгеше болған – 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін.
Клуб бұл бағаны Мадридтің «Реалына» қарсы матчтан кейін де өзгертпеген, ал Кипрдің «Пафосына» қарсы ойында бос орындар болған.
ЖАНКҮЙЕРЛЕРДІҢ АШУЫ
Жанкүйерлер хабарландыру жарияланған жазбаның астында ашуын жасыра алмады:
«Айтар сөз жоқ. Бұл өз жанкүйерлеріне әділетсіздік. Енді «Қайраттың» жанкүйерлері Астанаға келе алуы үшін әдейі бағаны түсірдік деп айтыңдар. Міне, өз жанкүйерлеріне деген көзқарас»;
«Сіздер клубтың әр жанкүйерінің жүрегіне түкірдіңіздер. Мұны сіздерге ешқашан кешірмейді!»;
«Ұят! Неге Алматыда да Астанадағыдай баға қоймадыңдар?»;
«Жарайды, матчты ауа райына байланысты ауыстырдыңдар делік, бірақ 15–50 мың теңге етіп қойғандарың, шын жанкүйерлер ұшаққа емес, билетке ақша жұмсасын дегендерің бе? Клубтан түсініктеме күтеміз!»
Кейбір жанкүйерлер клубтың мұндай әрекетіне байланысты алдағы уақытта «Орталық» стадионда өтетін ойындарға бармайтынын мәлімдеді:
«Енді чемпионат матчтарына принцип үшін бармаймын, бұл клубтың жанкүйерлерге деген құрметсіздігі»;
«Неткен масқара!» – деп жазды олар.
Сондай-ақ, жанкүйерлер мұндай жағдайға тап болмас үшін қалада жаңа стадион салу қажеттігін де еске салды:
«Алматы әкімдігі, мұндай жағдайды болдырмау үшін тез арада стадион салып, үстін жауып тастау керек»;
«Астанада жағдай бар – жабық, жылытылатын стадион. Бізде ондай жоқ, бірақ баға Еуропадан да қымбат. Неге жергілікті жанкүйерлерге осындай көзқарас?»;
«Алматыға жаңа жабық стадион ауадай қажет!» – деп жалғастырды олар.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтардың ауыстырылуына себеп – ауа райы. «Орталық» стадионы қыс мезгілінде ойын өткізуге бейімделмеген.