Мәжілісте таныстырылған жаңа заң жобасы бала күтімі кезеңіндегі құқықтық теңсіздікті жоюды көздейді. Егер түзетулер қабылданса, үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған әкелердің де бұл уақыты еңбек өтіліне қосылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов бірқатар әлеуметтік өзгерістерді қамтитын заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, қолданыстағы жүйеде үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған жұмыссыз аналардың бұл кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Алайда дәл осындай құқық әкелерге берілмей келген.
Депутат осы олқылықты жоюды ұсынып отыр. Заң жобасы қабылданған жағдайда, бала күтімімен отырған әкелердің уақыты да ресми еңбек өтілі ретінде мойындалатын болады. Аймағамбетовтың айтуынша, бұл өзгеріс тек әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп қана қоймай, отбасындағы рөлдердің теңдігін нығайтады.
- Бұл – тек техникалық түзету емес. Әділдікке жасалған маңызды қадам. Отбасылық жауапкершілікті тең дәрежеде қалыптастыру үшін қажет шара,— деді депутат.
Ол әріптестерін заң жобасын бірінші оқылымда қолдауға шақырды.