Солтүстікке қоныс аударған қазақстандық келеңсіз жайтқа тап болған

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Хирург өзіне тиесілі жеңілдіктерді сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

2024 жылдың қыркүйегінде оңтүстік өңірдің тұрғыны отбасымен бірге Павлодарға қоныс аударып, хирург болып жұмысқа орналасқан. Ол материалдық көмек алуға мүмкіндік беретін өңірлік квотаға енгізу үшін мансап орталығына жүгінген, алайда орталық жергілікті тіркеудің жоқтығын алға тартып, оның өтінішін қабылдамаған.

2025 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында ол құжаттарды қайта тапсыруға талпынған, бірақ бұл жолы да электрондық форматқа көшуге байланысты қабылдаудан бас тартылған. Осыдан кейін ол сотқа жүгінген.

СОТ

Сот мансап орталығы қоныс аударушыларға төлем жасау тәртібін дұрыс түсіндірмегенін анықтады. Жергілікті тіркеуді талап ету заңға сәйкес келмейтіні және артық шарт болғаны атап өтілді.

- Сот талапкердің халық тығыз орналасқан өңірден қоныс аударып, Павлодар облысын өмір сүру үшін таңдағанын, әрі онда оперирлеуші хирург ретінде азаматтардың денсаулығын қорғау жөніндегі әлеуметтік маңызды қызмет атқаратынын ескерді. Осы мән-жайларды ескере отырып, сот әкімшілік органды 2024 жылдың қазан айынан бастап оны өңірлік квотаға енгізуге және дәл осы күннен бастап материалдық көмек алу құқығын тануға міндеттеді, — делінген сот шешімінде.

Бұған қоса, мансап орталығының басшысы дисциплинарлық жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров солтүстік пен шығысқа көшетіндерге 9,1 млн теңге беруді ұсынған болатын.