Жаппай маска тағы бәріне міндеттеле ме

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Қазақстанда гонконг тұмауының өршуіне байланысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Министрдің айтуынша, гонконг тұмауы елімізде 2001 жылдан бері айналымда жүр. Бұл вирустық инфекция, басқа да тұмау түрлері сияқты, егде жастағы адамдар мен балаларда ауыр өтеді.

— Алдағы және келесі аптада жылы күндер сақталады. Біз желтоқсанның ортасына дейін вирустық инфекциялар санының өсуі жалғасады деп болжап отырмыз. Сондықтан адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, қол жуу, бөлмені желдету және мүмкіндігінше маска тағу қажет, — деді Әлназарова Сенаттың кулуарында журналистерге берген жауабында.

АЯЗ ТҮСКЕСІН АЗАЯДЫ

Ол қарапайым азаматтарға медициналық маска тағу міндетті емес екенін, алайда бұл талап медицина қызметкерлеріне қатысты екенін ерекше атап өтті. Журналистер тұмау мен ЖРВИ-дің таралуы аяз түскен соң азая ма деп сұрады. Министр бұл болжамды растады, бірақ бірден емес екенін ескертті.

— Иә, міндетті түрде. Бірақ тұмаудың айналымын тоқтату үшін кемінде 2–3 апта суық ауа райы қажет. Сол кезде вирус айналымы да, халықтың көшеде және қоғамдық орындарда жүруі де азаяды. Егер аяз болса, жағдай тұрақталады. Бірақ қазіргі болжам бойынша бұл желтоқсанның ортасына дейін жалғасуы мүмкін, — деді министр.

ТҰМАУ ЕРТЕ БАСТАЛҒАН

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл тұмау маусымы былтырғыдан 3–4 апта ерте басталған. Министр мұны жылы ауа райымен байланыстырды. Ол санитарлық дәрігерлердің жергілікті деңгейде қабылдаған қаулылары мен шектеу шараларын тұмаудың таралуына жол бермеу үшін қажет «проактивті» қадамдар деп атады.

— Кеше Үкімет отырысында барлық өңір әкімдеріне Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы жергілікті аумақтық департаменттерге де осындай қаулылар қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткіздік. Бүгінде 11 өңір мектептерде белгілі бір шектеу режимін енгізіп, шамамен 220 сыныпты қашықтан оқытуға көшірді. Бұл негізінен 1–5 сынып оқушылары, — деді Әлназарова.

ТҰМАУ ӨРШІП ТҰР

Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елде ЖРВИ-дің 1 461 819 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны — 963 847, бұл барлық жағдайдың шамамен 66 пайызы.

Маусым басынан бері тұмаудың 590 жағдайы расталған, оның 587-сі — A (H3N2) типі, яғни гонконг тұмауы. Сонымен қатар A (H1N1) типінің жекелеген жағдайлары да анықталған.