Тасмағамбетовтің күйеубаласы жаңа алтын өндіру компаниясын ашты

Сырым Қаржас
Фото: Zhanarbek Amankulov / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

«Астана» халықаралық қаржы орталығында Zhetysu Gold Limited атты жаңа алтын өндіру компаниясы тіркелді. Оның иелері — ұлттық компания «Тау-Кен Самұрық» және Кеңес Рақышевтің Treasure Limited компаниясы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алтын нарығындағы жаңа ойыншы

Zhetysu Gold Limited бағалы металдарды, ең алдымен алтынды өндірумен айналыспақ. Компанияны 19 қарашада Астанада, «Сулы-Жасыл бульвар» бизнес орталығында тіркеген. Жаңа кәсіпорынның жарғылық капиталы — 50 млн теңге.

Бірінші құрылтайшы — Қазақстанда алтын, мыс, қорғасын-мырыш кен орындарын игерумен айналысатын ұлттық тау-кен компаниясы «Тау-Кен Самұрық». Екінші құрылтайшы — Treasure Limited. Бұл компанияны 2025 жылдың қыркүйегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында Кеңес Рақышев тіркеген. Treasure Limited — бизнесменнің өзге активтерін басқаратын холдингтік ұйым.

Жаңа алтын өндіруші компанияның бас директоры болып Кирилл Довганюк тағайындалды. Ол Treasure Limited-ті де басқарады. Бұған қоса ол алматылық «EW Tech» ЖШС-ін басқарған және бұған дейін «Сарыарқа Mining» компаниясын жетекшілік еткен. Компания директорлары құрамында «Тау-Кен Самұрық» жобалар департаментінің директоры Диана Мосендз және «Fincraft Resources» АҚ топ-менеджері Румия Сәгітова да бар.

Рақышев туралы

Кеңес Рақышев — Қазақстандағы ең ықпалды әрі ауқатты кәсіпкерлердің бірі. Forbes ұлттық рейтингінде ол 435 млн долларлық байлығымен 23-орында тұр.

Кеңес Рақышев Fincraft Group холдингіне иелік етеді. Холдинг арқылы ол бірқатар мұнай өндіруші кәсіпорындардағы үлестерді басқарады. Оның негізгі активтерінің қатарында — «Fincraft Resources» АҚ және «БТА Банк».