Қытай Жапонияның Тайвань жөніндегі мәлімдемесін халықаралық құқықты бұзу деп атады

Сырым Қаржас
Freepik

Қытай Жапонияға қарсы айыптауларды күшейтіп, БҰҰ-ға арнайы хат жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фу Цун БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке жолдаған хатында Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитидің кейінгі мәлімдемесін сынады.

Бұған дейін Такаити Қытайдың Тайваньға жасауы мүмкін шабуылы Жапонияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін және мұның әскери салдары болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Фу Такаитидің сөзін «халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы» деп атап, Жапонияның Тайвань бұғазындағы жағдайға араласуға талпынысы Бейжің тарапынан агрессия акті ретінде қабылданатынын ескертті.

– Қытай БҰҰ Жарғысына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығын батыл пайдаланып, өз егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайды, – делінген мәлімдемеде.

КОНТЕКСТ

Қытай үшін Тайвань – өзінің ажырамас аумағы, ал Бейжің оны «қайта біріктіруде» күш қолдану туралы нұсқаны да жоққа шығармайды. Тайвань бұл талаптарды мойындамайды және аралдың болашағын тек оның тұрғындары анықтайтынын айтады.