Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 23 атаумен толығуы мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясының өсуіне ең көп үлес қосқан өнімдер – қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), жаңа балық (2,6%), банан (2,8%) және басқа да тауарлар. Осы өнімдердің кейбірі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізілуі мүмкін.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Барлық өңірдегі азық-түлік инфляциясына жасалған талдау бойынша біз бағаның өсуіне ең көп үлес қосатын, бірақ әлеуметтік маңызы бар тізімге кірмейтін 30 тауарды анықтадық. Оларға еттің түрлі түрі, жаңа ауланған балық, алма, алмұрт, лимон, шай, ірімшік, салқын қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер кіреді… Осы тізімнен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізуге болатын 23 позицияны іріктедік. Енді бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылаймыз, – деді Айжан Бижанова.
Тізімнің кеңеюі бірқатар міндетті талаптарды енгізуді көздейді: мәмілелердің ашықтығы, келісімшарттар, шот-фактуралар, фискалдық чектер және сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Бұл шаралар делдалдардың ықпалын азайтып, сұранысы жоғары өнімдердің бағасын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Жиын қорытындысында Серік Жұманғарин Сауда министрлігіне 23 атаудың әрқайсысын бизнес өкілдерімен, салалық қауымдастықтармен және «Атамекен» ҰКП-мен талқылауды, сондай-ақ импорт құрылымын қосымша зерттеуді тапсырды.