Оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдердің есеп жүктемесін азайту тапсырылды

gov.kz

Қазақстанда мектеп мұғалімдерінің жүктемесін қайта қарау жоспарланып отыр. Педагогтерге түсетін қағазбастылықты азайтып, оларды қорлаудан қорғау шараларын күшейту көзделген. Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің кешегі жолдауынан кейін Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бір мәліметті бірнеше платформаға енгізеді

Үкімет отырысында Олжас Бектенов мұғалімдердің сабақ өткізуден бөлек толтыратын есептілігін реттеуді талап етті. Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер есептің барлық түрін тексеріп, қандай құжаттарды алып тастауға болатынын анықтауы керек.

– Балаларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру, мұғалімдерге тән емес жүктемені азайту және олардың беделін қорғау үшін Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептің барлық түрін қайта қарауды тапсырамын. Әртүрлі платформада бір мәліметті қайталап енгізуді тоқтатып, есептердің санын қысқарту қажет, – деді премьер-министр.

Тағы бір тапсырма педагогтердің қауіпсіздігіне қатысты. Үкімет 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды күшейту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуі керек.

Контекст

28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында педагогтерге қатысты дөрекеілік жағдайларына назар аударды. Президент оқушылардың мұғалімдерге балағат сөздер айтып, кейде күш қолдануға дейін баратынын жеткізді.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда мектеп басшылығының өзі мұғалімдерге қысым көрсетуі мүмкін.

Тоқаев осындай жанжалдарды мұқият тексеріп, отбасының, оқушының, мұғалімнің және мектептің жауапкершілігін ескеруді талап етті.