800 мың әскер соғысқа дайын - НАТО

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Ресеймен соғыс болған жағдайда НАТО-ның 800 мың әскері шығысқа, майдан шебіне қарай жылжуы тиіс. Бұл туралы The Wall Street Journal газеті Германияның қорғанысқа арналған «Германия шұғыл жоспары» құжатына сүйене отырып хабарлады. Әскерлер Германия Федеративтік Республикасының аумағын кесіп өтуге міндетті болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

26 қараша күні The Wall Street Journal басылымы жазғандай, Ресеймен соғыс басталған жағдайда 800 мың неміс, америкалық және басқа да НАТО әскери қызметкерлері шығысқа бағытталады. 1200 беттен тұратын бұл жоспарды Германияның аумақтық қорғаныс штабының бастығы, генерал-лейтенант Андре Бодеманның жетекшілігімен әзірлеген. Ол бұған дейін Косово мен Ауғанстанда әскери міндеттер атқарған.

Бранденбург қоғам және қауіпсіздік институтының директоры Тим Штухтайдың айтуынша, Ресеймен қақтығыс қай жерде басталса да, НАТО әскері Германия аумағын кесіп өтуге мәжбүр болады.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Берлиннің бағалауынша, Германиядағы автомагистральдардың 20 пайызы және олардың үстіндегі көпірлердің төрттен бірінен астамы жөндеуді қажет етеді. Солтүстік және Балтық теңізіндегі порттарды жөндеуге шамамен 15 миллиард еуро қажет, оның ішінде 3 миллиард еуро қос мақсаттағы инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалмақ.

Ұзақ мерзімді жоспарда Берлин 2029 жылға дейін инфрақұрылымдық жобаларға 166 миллиард еуро бөлуді көздеп отыр. Оның 100 миллиард еуродан астамы теміржол желісіне бағытталады, басты назар қос мақсаттағы нысандарға аударылады.

БАҒЫТТАР ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

Осыған байланысты бундесвер ауруханаларда, полицияда және төтенше жағдай қызметтерінде брифингтер өткізіп, федералдық жерлермен және автомагистраль операторларымен келісімшарттар жасасуда. Әскери колонналар үшін транзиттік бағыттар да әзірленіп жатыр.

АУҚЫМДЫ ЖОСПАР

Бұл жоспарды дайындау 2023 жылдың наурызында басталған. Германияның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери шабуылдан қорғауға арналған мұндай көлемді құжат «қырғи-қабақ соғыстан» бері алғаш рет жасалды. Генерал Бодеманның айтуынша, Германияның маңызды инфрақұрылымы – порттар, көпірлер, энергетикалық кәсіпорындар диверсия қаупінде тұр, оған ресейлік арнайы жасақтар да қатысуы мүмкін.

Оның сөзінше, Германияның міндеті – логистикалық хабқа айналып, альянс әскерін сенімді жолдармен қамтамасыз ету. Ал бундесвердің елеулі бөлігі шиеленіс туындаған жағдайда қақтығыс аймағына жіберіледі.

Жоспарда Германияның ұлттық қауіпсіздігіне төрт негізгі қатер көрсетілген:

  • билік шешімдеріне, қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына ықпал етуге бағытталған дезинформация;
  • энергетика, телекоммуникация және басқа да маңызды кәсіпорындарға жасалатын кибершабуылдар;
  • тыңшылық;
  • диверсия.

«Біз соғыс жағдайында емеспіз, бірақ бейбіт жағдайда да емес екеніміз анық», – деді генерал-лейтенант Андре Бодеман.

СОҚҚЫ БЕРУІ МҮМКІН

Қараша айының басында бундесвердің операциялық қолбасшылығын басқаратын генерал-лейтенант Александер Золльфранк Reuters агенттігіне берген сұхбатында:

«Егер Ресей қарулануын жалғастыра берсе, 2029 жылға қарай НАТО-ға ауқымды шабуыл жасауға қабілетті болады», – деді.

Золльфранктың айтуынша, Мәскеу соңғы жиырма жыл бойы Еуропадағы қауіпсіздік архитектурасын өзгертуге бағытталған стратегиялық саясат жүргізіп келеді және Украинадағы ауыр шығындарға қарамастан, бұл бағытынан бас тартқан жоқ. НАТО бұған тек «қатаң қызыл сызықтар» орнатып, қарсыласын жақсы дайындық арқылы тежеу арқылы жауап бере алады.