Жуырда Моңғолияда тұратын бір топ этникалық қазақ әлеуметтік желі арқылы Қазақстан халқына үндеу жасап, қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуына алаңдайтынын мәлімдеген. Олар соңғы уақытта кейбір азаматтардың қысым мен әділетсіздікке тап болғанын, сондай-ақ әлеуметтік желіде қазақтарға қатысты жағымсыз әрі кемсітушілік сипаттағы жазбалар көбейгенін айтқан.
Ulysmedia.kz тілшісі осы жағдайға қатысты моңғолиялық журналист, Graph.mn сайтының тілшісі Б. Энхтулганың пікірін сұрады. Оның айтуынша, қазақтарға қысым көрсетуге қатысты жекелеген жағдайлар болғанымен, мұны ұлттар арасындағы жалпы қайшылық ретінде қарастыруға болмайды.
Қазақтарға қысым көрсетіп жатқан кім?
Журналистің сөзінше, мәселе ұлттар арасындағы пікір қайшылығынан немесе шағын топтар арасында туындаған жағдай болуы мүмкін.
«Осындай мәселелер туындады, яғни қазақтарға қысым көрсету сияқты жағдайлар болды. Жалпы, бұл ұлттар арасындағы пікір қайшылығынан немесе шағын топтардың арасында туындаған мәселе. Осы мәселеге байланысты біздің Моңғолия Республикасының президенті бұған дейін қазақтар тұратын аймаққа барып, жұмыс істеген болатын», – дейді Б.Энхтулга.
Моңғолия президенті қандай шара қолданды?
Тілшінің айтуынша, Моңғолия басшысы сол кезде «Біз бір ұлтпыз, қандай да бір бөлінушілік болмауы керек» деген ұстанымын жеткізген.
«Мемлекеттік қызметкер болсын, қарапайым азамат болсын, бұл мәселені ешбір жағдайда ушықтырмауы керек. Біз бір мемлекетте көптеген жылдар бойы бірге өмір сүріп келе жатқандықтан, бір-бірімізді қандай да бір себеппен шеттетуге жол бермеу керектігін қатаң ескертті. Егер қандай да бір жағдайда адамды ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты шеттететін болса, бұл мемлекеттік заңды бұзу болып саналатынын айтып, құқық қорғау органдарына да қатаң ескерту жасады. Одан кейін президент Ұлан-Баторға келіп, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесіп, тиісті тапсырмаларын берді», – деді журналист.
Б. Энхтулганың пікірінше, бұл мәселені одан әрі ушықтыруға болмайды.
«Қазақ болсын, моңғол болсын, бір-бірін ұлтына байланысты шеттететін болса, оған Моңғолия заңдары бойынша баға беріледі. Моңғол мен қазақтың ешқандай айырмашылығы жоқ, бәріміз де Моңғол жерінде өмір сүріп жатқан азаматтармыз. Сондықтан мұндай шеттету көзқарастарының бұдан былай пайда болмау керектігі қатаң ескертілді», – деп түйіндеді Б. Энхтулга.