Қазақстандық миллионер «Қазақмысты» сатып алады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«Қазақмыс» корпорациясын сату туралы келіссөздер аяқталды, компания желтоқсан айында жаңа иеленушіге өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазақмыстың» құны қанша?

National Business Kazakhstan мәліметінше, «Қазақмыстың» меншік иесін өзгерту жөніндегі келісім осы жылдың соңына дейін рәсімделмек. Келісім реттеуші органдармен мақұлданған. Корпорацияның жаңа иесі Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаған Нұрлан Артықбаев болады. Оның байлығы шамамен 228 млн доллар деп бағаланады.

Не өзгеруі мүмкін?

Qazaq Stroy баспасөз қызметінің NBK-ге берген жауабында «Қазақмыстың» стратегиялық басымдықтары меншік иесі ауысқаннан кейін сақталатыны айтылған.

— Жаңа акционердің келуі стратегияның ұзақмерзімді бөлігін күшейтеді: өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру, ресурс базасын дамыту және ауқымды инвестициялық бағдарлама жүзеге асыру көзделуде. Бүгінгі таңда топқа 37 компания және ірі өндірістік алаңдар кіреді, олардың көпшілігі шамамен 50% жүктемемен жұмыс істейді және жаңғыртуды қажет етеді. 2026–2045 жылдарға арналған инвестиция көлемі 3 трлн теңгеден асады (5,5 млрд доллардан жоғары): байыту фабрикаларын жаңарту, гидрометаллургияны енгізу, шахталық жобаларды дамыту және энергия қуатын кеңейту жоспарланған. 2032 жылға қарай компанияның мақсаты — жылына шамамен 500 мың тонна мыс өндіруді қамтамасыз ету, — делінген хабарламада. «Қазақмыс» стратегиясы ауқымды инвестициялар мен ұзақмерзімді көзқарас есебінен күшейтілмек.

Нұрлан Артықбаев кім?

50 жастағы Нұрлан Артықбаев — Qazaq Stroy компаниясының иесі. 2023 жылдан бастап ол Сатымола калий кен орнын игеретін Qazaq Kalium Ltd компаниясын да басқарады. 2024 жылы Артықбаевтың компаниясы Jusan Bank-тен «Қазақтелекомның» 9% үлесін сатып алған. «Қазақмыстың» негізгі иесі (70%) — олигарх Владимир Ким. Ол жиі «Назарбаевтың әмияны» деп аталады. Оның басты активтері — KAZ Minerals тобы және RBK банкі. Ал қалған 30% Kazakhmys Holding Ltd үлесін оның бизнес-серіктесі Эдуард Огай бақылайды.

Ulysmedia.kz редакциясы «Қазақмыс» маңындағы жағдайды бақылауды жалғастырады және мәміле шарттары өзгерсе, қосымша ақпарат береді.