Шымкент әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдениет пен өнер саласында да дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қалада театрлардың репертуары жаңарып, музей қорлары цифрландырылып, кітапханалар жаңа басылымдармен толықтырылуда. Сонымен бірге жергілікті шығармашылық ұжымдар халықаралық фестивальдерге қатысып, ұлттық өнерді шетелде танытып жүр. Мәдени шараларды қала тұрғындарының күнделікті өміріне жақындату да назардан тыс қалмаған.
ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ
Шымкенттің мәдени өмірінде театр өнері айрықша орын алады. Қазір қалада жеті театр жұмыс істейді. Оларда 834 адам еңбек етеді, оның 448-і – шығармашылық қызметкерлер.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында театрлар тарихи драма, комедия, опера және балаларға арналған 25 премьера қоюды жоспарлаған. Осы уақыт аралығында жеті театрда 22 жаңа спектакль көрерменге ұсынылды. Бұған қоса, 846 қойылым мен 14 концерт сахналанды. Жалпы театрларға 157 353 көрермен келген.
Театр репертуарында әлемдік классика мен отандық драматургия қатар қамтылған. Көрермендер Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны», Уильям Шекспирдің «Гамлет», Михаил Булгаковтың «Сон в 8 картинах» шығармаларын, сондай-ақ Рахымжан Отарбаевтың «Махаббат мұнарасы» мен басқа да қойылымдарды тамашалай алды.
Театр өнерімен қатар цирк саласы да дамып келеді. Жыл басынан бері Шымкент циркінде екі премьера қойылып, 47 қойылым көрсетілген. Өнер ұжымында 197 қызметкер бар, оның 99-ы – шығармашылық мамандар. Қойылымдарды сүйемелдейтін 22 адамнан тұратын эстрадалық оркестр де жұмыс істейді.
Цирк әртістері халықаралық сахналарда да өнер көрсетіп жүр. 2024 жылдан бері Қытайда түрлі жанрдағы халықаралық бағдарламаларға қатысып, тәжірибе алмасып келеді. Биыл Қытайдың Юньнань провинциясында өткен халықаралық цирк фестивалінде Сергей Мұстафиннің командасы арнайы жүлде иеленді. Алматыда өткен IV халықаралық «Almaty Circus Festival» фестивалінде «Аспан арулары» әуе гимнастикасы нөмірін ұсынып, қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 20 қыркүйекте Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен «Мир цирка объединяет сердца» халықаралық фестивалінде алтын жүлдені жеңіп алды.
МӘДЕНИ ШАРАЛАР ҚАЛА ӨМІРІНІҢ БІР БӨЛІГІНЕ АЙНАЛДЫ
Шымкентте мәдени шараларды тек мерекелік күндермен шектемей, қала тұрғындарына тұрақты түрде ұсынуға басымдық беріліп келеді. Биылғы тоғыз айда 4 814 мәдени-бұқаралық және ресми іс-шара өткізіліп, оған 3 033 021 адам қатысқан. Оның ішінде екі республикалық және 55-тен астам мемлекеттік әрі мерейтойлық шара бар.
Қаладағы мәдени бастамалардың бірі – 2024 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Шымқала кештері» жобасы. Оның аясында демалыс күндері саябақтар мен ашық алаңдарда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Жоба тұрақты форматқа көшіп, тұрғындар арасында қолдау тапқан.
Концерттік ұйымдардың жұмысы да осы бағытты толықтырады. Жыл басынан бері Түркістан және Қызғалдақ сарайларында, сондай-ақ 10 мәдениет үйінде 504 іс-шара өткізіліп, 148 553 көрермен қамтылған. Ал концерттік-көрме орталығында ұйымдастырылған 37 шараға 48 050 адам қатысқан.
Мәдени бағдарламаларда ұлттық өнер мен тарихи тұлғаларды дәріптеуге де көңіл бөлінген. Қалада «Шырайлы, шежірелі құтты мекен» республикалық ақындар айтысы, «Абай әлемі» қалалық байқауы, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Бақыт құшағында» атты шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ыбырай Алтынсариннің 185, Дина Нұрпейісованың 165, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155, Бәкір Тәжібаевтың 100, Илья Жақановтың 90, Латиф Хамидидің 120 және Әлібек Дінішевтің 75 жылдық мерейтойларына арналған танымдық, әдеби-сазды кештер мен кітап көрмелері өткізілді.
ТАРИХИ МҰРА ҚАЛАЙ ДӘРІПТЕЛІП ЖАТЫР
Қаланың мәдени дамуы тарихи мұраны сақтау және оны көпшілікке танытумен де тығыз байланысты. Шымкентте музейлер бірлестігіне қарасты бес нысан жұмыс істейді. Олар – Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі, Ерлік музейі, Абай музейі, Сайрам музейі және «Шым қала» тарихи-мәдени кешені.
Бүгінде музейлер қорында 32 103 экспонат бар. Оның 27 186-сы электронды форматқа енгізілген. Биылғы тоғыз айда музейлерде 29 көрме, 1 646 экскурсия және 17 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 40 318 адам қамтылған. Бұдан бөлек, музей қорындағы тағы 306 экспонат цифрландырылған.
Шымкенттің тарихи келбетін сақтауда қала аумағындағы 188 тарихи-мәдени мұра нысанының маңызы зор. Оның 70-і – археология, тоғызы – сәулет ескерткіші, үшеуі – киелі нысан, 106-сы – монументтік өнер құрылысы. Олардың ішінде республикалық маңызы бар жеті және жергілікті маңызы бар сегіз ескерткіш бар.
Тарихи мұраны дәріптеумен қатар ұлттық салт-дәстүрді зерттеу және насихаттау жұмыстары да жүргізіледі. Бұл бағытта 2014 жылы республикада алғаш рет Шымкентте ашылған Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмыс істейді. Орталықта рухани-мәдени мұраны зерттеу, әдістемелік жұмыстар жүргізу және ұлттық құндылықтарды насихаттау көзделген.
КІТАПХАНАЛАРҒА СҰРАНЫС АРТҚАН
Қаладағы алты кітапхана мен оларға қарасты 37 филиал тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетеді. Оқырман тарту, кітап қорын толықтыру және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – осы мекемелер жұмысының негізгі бағыттары.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында кітапханаларға 219 997 оқырман тіркелген. Келушілер саны 1 495 158 адамды құраған. Осы уақыт ішінде оқырмандарға 3 048 931 дана кітап беріліп, кітап оқуды насихаттау мен әдеби-мәдени құндылықтарды дәріптеуге арналған 1 397 іс-шара өткізілген.
Қазіргі уақытта кітапханалардың жалпы қоры 1 862 829 басылымнан тұрады. Оның 648 705-і қазақ тілінде, 1 178 921-і орыс тілінде, 35 203-і өзге тілдерде. Көркем әдебиет қоры 920 071 дананы құрайды.
Кітап қорын жаңарту үшін 2026 жылы 30 миллион теңге қарастырылған. Тоғыз айда осы мақсатқа 23 миллион 795 мың 100 теңге жұмсалып, кітапханаларға 16 644 жаңа басылым түскен. Оның 5 609-ы – жаңа кітап.
ШЫМКЕНТ ӨНЕРПАЗДАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САХНАДА
Жергілікті шығармашылық ұжымдардың халықаралық фестивальдерге қатысуы қала өнерінің әлеуетін танытудың маңызды бағытына айналып келеді. Биыл қала өнерпаздары Мысыр, Өзбекстан, Чехия, Түркия, Германия, Грузия және Словенияда өткен мәдени шараларға қатысты.
Мәселен, «Қазына» халық би ансамблі Мысырдың Асуан қаласындағы «Aswan International Festival for Culture and Arts» фестиваліне, Өзбекстандағы «Әндіжан – 2026 Түркі әлемінің мәдени астанасы» шарасына, Чехияда өткен 81-халықаралық фольклор фестиваліне және Түркиядағы «Кечиөрен», «Тоқат» фестивальдеріне қатысты.
«Қаған» этно-фольклорлық ансамблі Германияда өткен Наурыз мерекесіне арналған шарада өнер көрсетсе, «Қаратау» фольклорлық ансамблі Грузияның Кутаиси қаласындағы мерекелік концертке қатысты. Ал Словенияның Любляна қаласында өткен «Midsummer Night» халықаралық мәдени-қоғамдық қайырымдылық кешінде «Яссы» және «Қаратау» ансамбльдері өнер көрсетті.
Халықаралық байқауларда да шымкенттік өнерпаздар жүлдесіз қалған жоқ. «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі Өзбекстанның Наманган қаласында өткен III халықаралық Мақом өнер байқауында екінші орын алды. Эстрада әншісі Фариза Беймаханбет «Жұлдыз-2026» республикалық байқауының бас жүлдесін иеленсе, дәстүрлі әнші Асылбек Бейсов «Көктем-қыздар» ән байқауында бас жүлдеге ие болды. Ал Алмасқожа Музаппаров «Түркістан мақамдары» байқауында үшінші орын алса, оркестр әртісі Дәулет Оңғар «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауында үшінші орынға қол жеткізді.
Театр ұжымдары да халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысып жүр. Шымкент қалалық Өзбек драма театры Таразда өткен «Тұңғышбай Әл-Таразий Таразға шақырады» халықаралық актерлік өнер фестивалінде Улуғбек Хамдаидың «Ұстаз» драмасын ұсынып, Қазақстан театр қайраткерлерінің «Дара» медаліне ие болды. Шымкент қалалық Жастар театры Румынияның Тырговиш қаласында өткен XIV «Babel» халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне қатысты. Ал Әзіл-сықақ және сатира театры Шиелі ауданындағы республикалық байқауда арнайы жүлде иеленді.
МӘДЕНИЕТТІҢ ӨЗЕГІ – ТІЛ МЕН РУХАНИ МҰРА
Қаладағы мәдени даму тек театр, музей немесе концерттік бағдарламалармен шектелмейді. Мемлекеттік тілді дамыту, тарихи құжаттарды сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттау да осы саланың маңызды бөлігі саналады.
Шымкент тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру үлесі 98,6 пайызды құрайды. Қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында биылғы тоғыз айда 111 оқу тобы құрылып, 1 290 адам тіл курстарына қатысқан. Оның 679-ы қазақ тілін, 114-і орыс тілін, 497-сі ағылшын тілін меңгеріп жатыр.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бес қалалық байқау, екі семинар, екі дөңгелек үстел, бір ақпараттық сағат және бір форум өткізілген. Бұған қоса, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін қарапайым деңгейде үйретуге арналған 16 телевизиялық бейнесабақ әзірленіп, «Оңтүстік» телеарнасынан көрсетілген және YouTube платформасына орналастырылған.
Архив саласында да цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылы 750 мың парақ құжатты цифрлық форматқа көшіру жоспарланған. Тоғыз айда оның 591 832 парағы өңделген.
Осылайша, Шымкентте мәдениет пен өнерді дамыту жұмыстары бірнеше арнада қатар жүріп жатыр. Театр сахнасындағы жаңа қойылымдар, музейлердегі тарихи жәдігерлерді цифрландыру, кітапханалар қорын толықтыру, ашық алаңдардағы концерттер мен халықаралық фестивальдерге қатысу – қаланың мәдени өміріндегі негізгі бағыттар. Ал бұл жұмыстардың нәтижесі мәдени мекемелердің жұмысымен ғана емес, тұрғындардың рухани өміріне қаншалықты ықпал ете алатынымен де өлшенбек.