"Оңтүстік" қаржы-сауда өнеркәсіптік корпорациясының президенті, кәсіпкер Серікжан Сейітжанов "Ордабасы" футбол клубын сатып алуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы дереккөзге сілтеме жасап спорт журналисі әрі футбол комментаторы Елдар Аманбаев мәлімдеді.
ДӘЙЕКСӨЗ
— Менің ақпаратым бойынша, Серікжан Сейітжанов Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубының жаңа иесі атануы мүмкін. Шымкент тумасы әрі Forbes нұсқасы бойынша ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 27-орында тұрған кәсіпкер клубты сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр, — делінген журналист жарияланымында.
АНЫҚТАМА
Серікжан Сейітжанов — Шымкент тумасы, кәсіпкер. Ол 2025 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер тізімінде 27-орынға жайғасты.
Іскерлік журналдың мәліметінше, Сейітжановтар отбасына «Оңтүстік» қаржы-сауда өнеркәсіптік корпорациясы тиесілі. Осы құрылым арқылы олар «Саутс Ойл» мұнай өндіруші ЖШС-нің 51%-на, Smart-Oil бұрғылау компаниясына, «МұнайҚұрылысСервис» құрылыс ЖШС-не, Standard Cement зауытына, Talas Investment Company химия ЖШС-не және Standard Petroleum & Co ЖШС-ндегі үлеске иелік етеді.
Сондай-ақ отбасының иелігінде Rixos Khadisha Shymkent және Rixos Turkestan қонақүйлері, Satti Zhol жанармай құю станциялары желісі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы мен Шымкенттегі Инновациялық-технологиялық колледж бар.