Әлеуметтік және саяси ғылымдар докторы Қуат Әкімжанов қазақстандықтардың қарыздануына талдау жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖІТІ ТАЛДАУ
Сарапшының пікірінше, жалпы ішкі өнімнің 6 пайызға өсуі қазақстандықтардың басым көпшілігінің әл-ауқатына еш әсер етпейді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш статистикалық абстракцияға айналып, азаматтардың нақты табыс динамикасын көрсетпей қалды. Ел «дамуға әкелмейтін өсімге» шырмалды: пайда элиталардың қолында шоғырланып, қайта бөлінбейді. Сонымен қатар, халықтың қарызға белшесінен батқанына қарамастан, банк секторы аса жоғары пайда көрсетіп отыр.
ДӘЛЕЛДІ ДЕРЕК
– Мен Ұлттық статистика бюросының деректерін тексердім: биыл қазақстандықтардың нақты табысы небәрі 0,8 пайызға ғана өсті. Біз «дамуға әкелмейтін өсімнің» тұзағына түстік. Жалпы ішкі өнімнің қисығы жоғары көтеріліп, элиталық секторларды капитализациялап жатыр, бірақ ол кеңге жайылып, жаппай жұмыспен қамтуға ықпал етпейді. Пайда жоғарыда шоғырланып, қаржылық немесе ақша-несиелік құралдар арқылы қайта бөлінбейді. Бұл – олигархиялық неолиберализмнің айқын белгісі, – деді ол.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда қабылданған жаңа Салық кодексіне байланысты салық қарызын мәжбүрлеп өндіру тәсілдері айтарлықтай қайта қаралғанын мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, әлеуметтік төлемдер бойынша қарызға қатысты шектің болмауы негізінен шағын бизнесті қиын жағдайға түсірген. Қазіргі таңда борышкерлердің 72 пайызының қарызы 6 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Мысалы, 206 мың салық төлеушінің ішінде 148 мыңының әлеуметтік төлемдер бойынша қарызы 24 мың теңгеге дейін.