Ресейде оқушы мектепке шабуыл жасап, тәжік баласын пышақтап кеткен

Сырым Қаржас
Фото: ЖИ

16 желтоқсанда ресейлік 10-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келіп, күзетшіні пышақтап, газ баллонын шашып, артынша он жасар тәжік баласын пышақтап кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оқиға Мәскеу облысының Одинцово қалалық округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успен орта мектебінде болған. Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі 4-сынып оқушысы Кобилджон Әлиевтің қаза табуына байланысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаны қатаң айыптады. Қаза болған бала Тәжікстан Республикасының азаматы болған.

ТӘЖІКСТАНҒА ҚАЙТУЫ КЕРЕК БОЛҒАН

Pamir inside мәліметінше, баланың туыстарының айтуынша, ол келесі күні кіші інісі мен ағасымен (нағашысы/көкеcі) бірге Тәжікстанға қайтуы тиіс болған. Себебі төлқұжаттарының мерзімі аяқталуға жақындаған. 

18 желтоқсанда оны туған ауданында жерледі.

ҚАЛҒАН ОҚУШЫЛАРДЫ ҚҰТҚАРУҒА ТЫРЫСҚАН

Кіші інісінің айтуынша, шабуыл жасаған адам қолында пышақпен келіп, олардан қай ұлт өкілі екенін сұраған.

Сол сәтте Кобилджон мұғалімнен сыныпқа кіріп кетуін өтініп, шабуылдаушының назарын өзіне аударуға тырысқан. Алайда сүрініп құлап, бірнеше рет пышақ жарақатын алған. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл кезінде ол «Әке!» деп айқайлаған.

Көзкөргендердің сөзінше, шабуыл мұғалім балаларды таңғы ас ішу үшін асханаға алып бара жатқан сәтте болған.

Кобилджонның әкесі бұрын Тәжікстан әскерінде қызмет еткен, алайда үш жыл бұрын ауыр дерттен қайтыс болған. Туыстарының айтуынша, бала әкесі сияқты әскери болуды армандаған, мінезі жұмсақ, мейірімді әрі көпшіл болған.

Радио Озоди мәліметінше, Кабирджонның анасы ұлы қаза тапқан мектепте жұмыс істейтін.