Украина дрондары Орынбордағы газ өңдеу зауытын шабуылдады

Ulysmedia
Орынбор газ өңдеу зауыты / фото: REUTERS/Alexander Manzyuk

Украина Ресейдің Орынбор қаласындағы газ өңдеу зауытына дронмен соққы жасаған. Бұл жөнінде Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Агенттік мәліметінше, зауытты қашыққа ұшатын дрондар шабуылдаған. Газ өңдеу зауыты Киевтен шамамен 1700 шақырым қашықтықта орналасқан. Ақпарат көзі өзінің аты-жөнін жарияламаған, себебі дерек ресми түрде расталмаған. Bloomberg аталған мәліметті тәуелсіз дереккөздер арқылы тексере алмағанын жазды.

Бұл соңғы екі ай ішінде украин дрондарының Орынбордағы кәсіпорынға жасаған екінші шабуылы. Бұған дейін,19 қазанда зауыт дрондар соққысына ұшырап, Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Соның салдарынан Қарашығанақ кен орнында мұнай мен газ өндіру көлемі азайған.

Орынбор газ өңдеу зауыты Қазақстаннан шикі газды төмен бағамен сатып алып, өңделген өнімді елге әлдеқайда қымбат бағамен қайта сататыны да жиі айтылып келеді.

Шабуылдан бір күн бұрын, 24 желтоқсанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майконы қабылдады. Алайда министрліктің ресми ақпаратында дрондар шабуылы туралы ешнәрсе жазылмаған.

Бұған дейін Қазақстан мұнайының 80 пайызы тасымалданатын Каспий құбыр консорциумына Украина дронмен шабуылдаған. Салдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының біреуі істен шыққан.