Таиланд пен Камбоджа бұрын қайта өршіген шекаралық қақтығыстар аясында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі келісімді тағы да растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы Камбоджа қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, генерал-лейтенант Мали Сочита мәлімдеді. Тиісті хабарлама ведомствоның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Камбоджа корольдігі мен Таиланд корольдігі арасындағы Камбоджа–Таиланд Бірлескен шекаралық комитетінің (БШК) 3-арнайы отырысының Бірлескен мәлімдемесі қабылданып, қол қойылды. Онда тараптардың атысты толық тоқтату режимін қатаң сақтауға және Камбоджа–Таиланд шекарасы бойында тұратын халық үшін бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке ұмтылысы расталды, – делінген хабарламада.
Бұған дейін, жаз мезгіліндегі шекаралық қақтығыстардан кейін, тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келіп, ол 28 шілдеде күшіне енген еді. Кейін, 26 қазанда, Таиланд пен Камбоджа АҚШ, Қытай және Малайзияның араағайындығымен бейбіт келісімге қол қойды.
Алайда желтоқсан айының басында жағдай қайта ушығып, әскери қимылдар қайта басталып кетті. Тараптар бірін-бірі бітім шарттарын бұзды және бейбіт тұрғындарға соққы жасады деп айыптады. Осы аптада Таиланд пен Камбоджа өкілдері жағдайды тұрақтандыру мақсатында қайтадан келіссөздерге оралды.
12 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп екі елдің премьер-министрлерімен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеп, олардың "бейбітшілікке дайын" екенін айтқан болатын. Алайда соған қарамастан, сол сәтте шекарадағы қақтығыстар әлі де жалғасып жатқан еді.