Жапаров Атамбаевты атағынан айырды

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров экс-президентАлмазбек Атамбаевты мемлекеттік наградаларынан айыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Құжатта бұл шешім 2025 жылғы 3 маусымдағы сот шешімін орындау аясында, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Конституциясының 71-бабына сәйкес қабылданғаны айтылған.

Жарлыққа сәйкес, Алмазбек Атамбаев мынадай мемлекеттік наградаларынан айырылды:

– Жоғары дәрежедегі «Қырғыз Республикасының Батыры»;
– II дәрежедегі «Манас» ордені;
– «Данакер» ордені;
– «Данк» медалі.

Қырғызстан бас прокуратурасы жанындағы сот орындаушылары қызметіне аталған марапаттар мен оларға қатысты құжаттарды тәркілеу және кейіннен мемлекеттік қорға өткізу тапсырылды.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Контекст

Өткен аптада президент Садыр Жапаров елдің бұрынғы басшылығын алтын өндіретін кен орнын сату кезінде 100 миллион АҚШ долларын жымқырды деп айыптаған болатын.