Венесуэла басшысының ұсталуы: Мадуро қайда? Елді кім басқарып отыр?

Сырым Қаржас
AFP/ Getty Images

Венесуэла билігі АҚШ Николас Мадуроны ұстағаннан кейін де қолдау сақталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Венесуэла басшылығының жоғары лауазымды өкілдері Мадуроны америкалық әскерилер ұстап әкеткеніне қарамастан, елдегі билік біртұтас күйінде қалып отырғанын айтты. Олардың сөзінше, бұл оқиға мұнай қоры бойынша әлемде ең ірілердің бірі саналатын елдің болашағына қатысты елеулі белгісіздік жағдайды тудырған.

МАДУРО ҚАЙДА

Николас Мадуро қазір Нью-Йоркте қамауда отыр және есірткіге қатысты айыптар бойынша сотты күтуде. Оны ұстау АҚШ президенті Дональд Трамптың Венесуэланы бақылауға алу ниетін жариялаған шешімінен кейін болған. Каракаста бұл әрекеттерді ұрлау деп атап, мемлекеттік институттардың бұрынғыдай жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо ел ішінде жікке бөліну жоқ екенін және жалғыз заңды президент бар екенін айтты. Ол азаматтарды сабыр сақтауға және сыртқы қысымға берілмеуге шақырды. Мадуроның кісенделіп, көзі байланған кадрларының жариялануы венесуэлалық қоғамда қатты реакция тудырды. Көпшілік мұны АҚШ-тың Латын Америкасы істеріне соңғы онжылдықтардағы ең қатаң араласуларымен салыстырып отыр.

ҚАЗІР ЕЛДІ КІМ БАСҚАРЫП ОТЫР

Мадуро ұсталғаннан кейін елді уақытша басқару вице-президент Делси Родригеске өтті, ол мұнай секторын да қатар басқарады. Дегенмен билік Мадуроның президент мәртебесі сақталғанын атап өтеді. Родригес экономиканы басқарудағы негізгі тұлғалардың бірі саналады, алайда ол АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екені туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды.

ТРАМП НЕ ДЕЙДІ

Дональд Трамп өз кезегінде Родригестің Вашингтон талаптарын орындамаса, одан да қатаң салдарға тап болуы мүмкін екенін ескертті. Венесуэла билігі АҚШ әрекеттерін ең алдымен елдің табиғи ресурстарына, әсіресе мұнайына бақылау орнату ниетімен байланыстырады. Бұл айыптаулар америкалық мұнай компанияларының Венесуэлаға кіруі мүмкін деген мәлімдемелерден кейін күшейе түсті.

МҰНАЙ МЕН ЭКОНОМИКА

Дағдарыс аясында мемлекеттік мұнай компаниясы жекелеген кен орындарында өндірісті қысқарта бастады. АҚШ танкерлерді бұғаттап, мұнай жүктерін тәркілегеннен кейін экспорт іс жүзінде тоқтады. Елдегі экономикалық жағдай ауыр күйінде қалып отыр. Мадуро билігі жылдарында Венесуэла терең құлдырауды бастан кешіріп, соның салдарынан миллиондаған адам елден кетуге мәжбүр болды — бұл әлемдегі ең ірі көші-қон дағдарыстарының бірі. Соған қарамастан, ірі қалалардың көшелеріндегі ахуал салыстырмалы түрде тыныш. Мадуроға қарсы күштер жаппай акцияларға шығуға асығар емес, ал жексенбі күні қауіпсіздік күштерінің қатысуы әдеттегіден де аз байқалды. Дүкендер мен кафелер ішінара жұмыс істеп тұр, адамдар қалыпты өмір салтын сақтауға тырысады, дегенмен көпшілігі азық-түлік қорын жинап жатыр. Оппозицияның бір бөлігі АҚШ-тың билікті өз лидерлеріне беруді қолдамағанына көңілі толмайтынын білдірді.

Сонымен қатар, Вашингтонның Венесуэлада жағдайды қалай басқармақ екені әлі де белгісіз. Халықаралық реакция қатаң болып отыр. Бірқатар елдер АҚШ-ты халықаралық құқықты сақтауға және дипломатиялық шешім іздеуге шақыруда. Мемлекет басшысын күшпен ұстаудың заңдылығы туралы мәселе үлкен пікірталас туғызды. БҰҰ, сондай-ақ Ресей мен Қытай Вашингтонның әрекеттерін қауіпті прецедент деп атап, сынға алды. Николас Мадуро бұған дейін АҚШ-та есірткі саудасына қатысты істер бойынша сырттай айыпталған, алайда ол өз кінәсін әрдайым жоққа шығарып келеді.