АҚШ тұтқындаған Мадуро Манхэттен сотына жеткізілді

Сырым Қаржас
Reuters

3 қаңтарда АҚШ-тың әскери операциясы кезінде ұсталған Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктегі сотқа жеткізілді. Алдағы бірнеше сағатта оларға ресми түрде айып тағылмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Reuters жазуынша, Венесуэланың бұрынғы президенті мен оның жұбайы Бруклиндегі тергеу изоляторынан Манхэттендегі сот ғимаратына жеткізілген. Сот отырысы жергілікті уақыт бойынша 5 қаңтар күні кешке белгіленген. Сотта есірткі терроризміне байланысты айыптардың толық тізімі жария етіледі.

Мадуро мен Флоресті қарулы қызметкерлердің күзетімен шығарып, көліктерге отырғызған, кейін Венесуэланың экс-басшысы сотқа тікұшақпен жеткізілген. Процедура күшейтілген қауіпсіздік шаралары аясында өтті.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 3 қаңтарда Мадуро мен оның жұбайын америкалық арнайы жасақ операция барысында тұтқындаған. Алдымен оларды АҚШ-тың Гуантанамо әскери базасына алып кеткен, кейін Нью-Йоркке жеткізген.

АҚШ билігі Мадуроны есірткі терроризміне, заңсыз қару айналымына және дипломатиялық паспорттарды қылмыстық мақсатта пайдаланды деп айыптап отыр. Америкалық тараптың нұсқасы бойынша, ол қылмыстық желіні басқарған әрі есірткі картельдерімен сөз байласқан.

Мадуро бұған дейін барлық айыптауды жоққа шығарып, оларды қысым көрсету мен елдің мұнай ресурстарына бақылау орнатуға бағытталған сылтау деп атаған.

Операциядан кейін Венесуэланың жоғарғы соты вице-президент Делси Родригесті уақытша мемлекет басшысы етіп тағайындады. Ол АҚШ-пен диалогқа дайын екенін мәлімдеп, қарым-қатынасты халықаралық құқық пен өзара құрмет қағидаттары негізінде құруға үндеді. Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Родригес америкалық билікпен ынтымақтасудан бас тартқан жағдайда, оның салдары ауыр болатынын ескерткен еді.