Каспий құбырының жарылуы туралы жағымсыз пікір айтқандар тергеуге ілінді

Сырым Қаржас

Қазақстанның Бас прокуратурасы Каспий құбыр желісі консорциумына Украина әскері келтірген залалға байланысты әлеуметтік желілерде және өзге де алаңдарда кейбір азаматтардың арандатушылық сипаттағы пікір білдіру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бас прокурор Берік Асыловтың мәлімдеуінше, Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (ұлттық араздықты қоздыру) бойынша тіркелген іс аясында құқық қорғау органдары аталған адамдарды анықтап, олардың кінәсін дәлелдейтін материалдарды жинауға бағытталған тиісті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

- Соның нәтижесі бойынша олардың əрекеттері түпкілікті сараланып, процестік шешім қабылданады. Бұдан бұрын Бас прокуратура масс-медиада заңсыз контенті бар жалған ақпарат пен басқа да жарияланымдарды таратуға жол берілмейтіні, сондай-ақ мұндай əрекеттер үшін қылмыстық жəне əкімшілік жауаптылық көзделетіні туралы ескертетін баспасөз хабарламасын жариялаған болатын. Азаматтармен осындай түсіндіру жұмыстарын жергілікті прокурорлар тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мəдениет жəне ақпарат министрлігі де өз тарапынан халық арасында масс-медиа арқылы, оның ішінде сіздер көтерген мəселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, ол туралы сіздерге аталған ведомство ақпарат береді, — делінген Асыловтың жауабында.

КОНТЕКСТ

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына жасалған шабуылдардан кейін Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне төнген қатерге назар аударып, уәкілетті органдарға депутаттық сауал жолдаған болатын. 

Депутат әлеуметтік желілерде кейбір азаматтардың КҚК секілді стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды ашық түрде қолдап, ақтап отырғанын сынға алды. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер сөз бостандығы шеңберінен шығып, ұлттық мүддеге тікелей зиян келтіреді.