Мадуроның жақтастары наразылыққа шығып, Венесуэла президентін қайтаруды талап етті

Сырым Қаржас
AP

Венесуэлада АҚШ әскери күштері ұстап, кейін сол елге әкеткен президент Николас Мадуроны босатуды талап еткен акциялар өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мұндай акциялар ел астанасында Мадуро мен оның жұбайы ұсталған сәттен бастап күн сайын өтіп келеді. Көшедегі наразылықтар аясында Венесуэланың сыртқы істер министрлігі 2019 жылы Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде үзілген дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру мәселесі бойынша АҚШ-пен келіссөздер басталғанын мәлімдеді.

АҚШ билігі елшіліктің жұмысын қайта жандандыруды талқылау үшін америкалық делегацияның Каракасқа барғанын растады. Осы уақытта президент міндетін уақытша атқарушы Делси Родригес бірқатар саяси тұтқындардың босатылғанын жариялады. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 10 қаңтарға дейін 18 адам бостандыққа шыққан.

Қалған тұтқындардың туыстары Каракастың шығысындағы Эль-Родео түрмесінің маңында кезекшілік жасап, алдағы уақытта тағы да босатулар болады деп үміттеніп отыр. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, қазіргі уақытта Венесуэлада 850-ден астам саяси тұтқын бар, олардың басым бөлігі Мадуро билігі кезінде ұсталған.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 3 қаңтарда АҚШ Каракасқа шабуыл жасап, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті тұтқындаған. Нью-Йорк сотында оларға наркотерроризм, кокаин тасымалдау, қаруды заңсыз сақтау және сөз байласу баптары бойынша айып тағылған. Николас Мадуро бұл айыптауларды жоққа шығарады.