Қазақстанда ЖИ туралы заң күшіне енді: енді не нәрсеге тыйым салынады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қазақстанда "Жасанды интеллект туралы" заң күшіне енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Заңға қол қойылған сәттен бастап 60 күн өтті және белгіленген рәсімдерге сәйкес, бүгіннен бастап құжат толық көлемде қолданысқа енгізілді.

ЗАҢ ТУРАЛЫ

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қабылданған заң елде жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, саладағы мемлекеттік саясаттың басты қағидаты – адам, оның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатының басымдығы туралы ережелерді бекітеді. Адам, оның өмірі мен ерік-жігері жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалануда ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. ЖИ-ді қолдану адамның саналы түрде шешім қабылдау қабілетін шектемеуге тиіс, ал азаматтардың еркіндігі технологияларды қолданудың барлық кезеңінде сақталуы қажет.

Заң жасанды интеллектіні пайдалануды, атап айтсақ әділдік пен теңдік, алгоритм ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік пен бақылауда болуы, деректер мен құпиялықты қорғау, сондай-ақ ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігі туралы ережелерді айқындайды. Пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат ұсынылуы шарт.

Азаматтар автоматтандырылған деректерді өңдеудің қолданылуы, оның салдары, мұндай өңдеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі, сондай-ақ өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы хабардар болуға құқылы.

Құжат жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушылары арасындағы жауапкершілікті нақтылайды. ЖИ жүйелерінің өмірлік циклінің барлық қатысушылары олардың жұмысын бақылауды қамтамасыз етуге, тәуекелдерді басқаруға және жүйелер жұмысының нәтижелері үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік алуға міндетті.

Жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану қоршаған ортаға теріс әсер етпеуі, сондай-ақ энергия тиімділігі талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

ЖИ жүйелерін пайдалану жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу шараларын, сапалы деректерді пайдалануды, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуді көздейді.

Құжатқа сәйкес, жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейі бойынша – төмен, орта және жоғары тәуекелді жүйелерге жіктеледі. Маңызды салаларда немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру кезінде қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі.

ТЫЙЫМ

Енді Қазақстан аумағында: манипулятивті әдістерді қолданатын; адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты осал тұстарын пайдаланатын; әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін; адамның эмоциясын оның келісімінсіз анықтайтын; жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын; тыйым салынған контент жасайтын немесе тарататын жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады.

Заң жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығына қойылатын талаптарды белгілейді. Пайдаланушылар тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер ЖИ-ді қолдану арқылы жасалғанын білуі шарт. Синтетикалық контент міндетті түрде таңбалануға және пайдаланушылар үшін түсінікті ескертумен белгіленуге тиіс.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жасалған туындылар адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана "авторлық құқық объектісі" деп танылады. Адамның зияткерлік қызметінің нәтижесі арқылы алынған мәтіндік сұраулар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады.  Автор немесе құқық иесі тыйым салмаған жағдайда ғана ЖИ модельдерін оқыту үшін туындыларды пайдалануға рұқсат етіледі.

Еске салайық, бұған дейін президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектті пайдалана ма, жоқ па деген сұраққа жауап берген еді.